Астанадағы әскери колледжде «Сарбазға прокурорлық кеңес» атты акция өтті

Астанадағы әскери колледжде «Сарбазға прокурорлық кеңес» атты акция өтті

Кеңес Одағының батыры, тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжде «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру аясында прокуратура органдары әскери ведомстволармен бірлесіп «Сарбазға прокурорлық кеңес» атты республикалық профилактикалық акция ұйымдастырылды.

Оған Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратура өкілдері, прокуратура органдарының ардагерлері, колледждің жеке құрамы мен кадеттер, жас сарбаздықтар қатысты.

Бұл бастама әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, әскери ортада заң талаптары мен тәртіпті сақтауды нығайтуға бағытталған.

Іс-шара армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Одан бөлек қонақтар колледж музейін аралап, оқу орнының тарихымен және көрнекті қолбасшының өмір жолымен танысты. Делегация спорт кешенін, оқу павильондарын, кітапхананы, психологиялық қызметті, жатақхананы және асхананы көріп, курсанттардың тұрмыс жағдайы мен оқу үдерісіне жасалған мүмкіндіктерге баға берді.

Бағдарлама аясында кадеттермен және «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерімен ашық форматта кездесу өтті. Сұхбат барысында әскери қызметтің маңызы, құқықтық сауаттылықты арттыру, әскери ортада заң талаптары мен тәртіпті сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.

Кездесу барысында әскери прокуратура органдарының ардагері әділет полковнигі Болат Тазабеков өз ойын ортаға салды.

– Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – жас сарбаздарға заң талаптарын түсіндіру ғана емес, олардың бойында жауапкершілік пен тәртіпке деген берік көзқарас қалыптастыру. Әскери қызметте заңды сақтау – әрбір жауынгердің абыройлы міндеті, – деді өз сөзінде.

Қонақтар сарбаздарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, құқық бұзушылықтардың алдын алу және әскери тәртіпті нығайту жөнінде нақты ұсыныстарын жеткізді.

– Осындай кездесулер біз үшін өте маңызды. Біз әскери дайындықты ғана емес, сонымен қатар өз құқықтарымыз бен міндеттерімізді тереңірек түсінеміз. Бұл болашақта саналы әрі жауапты әскери қызметші болуға ықпал етеді, – деді 3-ші оқу ротасының кадеті Әмзехан Сәтжан.

Іс-шара соңында «Ұлан сазы» ансамблі мен Ұлттық әскери-патриоттық орталығы балалар студиясының бишілері өнер көрсетіп, қатысушыларға патриоттық рух сыйлады.