
Сіздерді Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміз үшін бұл мереке ерлік пен намыстың, жанқиярлық пен Отанға шексіз адалдықтың символы. Бұл мейрам халқымыздың қаһармандыққа толы өткені мен тәуелсіз Қазақстанның қазіргі тарихының ажырамас байланысын және ұрпақтар сабақтастығын білдіреді. Бұл күні біз Отанға қызмет етуді өмірінің мәніне айналдырған, еліміздің тыныштығы мен егемендігін қорғап тұрған азаматтарға ерекше құрмет көрсетеміз.
Отанды қорғау қай заманда да қасиетті борыш, әрі үлкен жауапкершілік саналған. Әскери антқа адал, шынайы патриоттар қай заманда да қоғамның зор құрметіне ие болған.
Аға буынның даңқты дәстүрлерін лайықты жалғастырып жүрген Қарулы күштердің әскери қызметшілері өздерінің жоғары кәсібилігі және тәртібімен кез келген күрделі тапсырмларды орындауға дайын екенін дәлелдеп жүр.
Ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәйекті саясатының арқасында мемлекеттің қорғаныс қабілеті нығайып, әскерлерге заманауи қару-жарақ пен әскери техника жеткізілуде, жауынгерлік дайындық деңгейі тұрақты түрде артып келеді.
Әскери қызметшілер оқу-жаттығуларға, оның ішінде халықаралық деңгейдегі жаттығуларға белсенді қатысып, жоғары үйлесімділік пен кәсіби шеберліктерін дәлелдеп жүр.
Қарулы күштердің халықаралық тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесін де ерекше атап өткен жөн. Қазақстандық әскери қызметшілер халықаралық ұйымдар аясындағы бітімгерлік миссияларды абыроймен атқарып, бейбітшілік қағидаттарына адал екенін көрсетіп келеді.
Мемлекет әскери қызметшілердің әлеуметтік жағынан қорғалуын арттырып, олардың қызмет етуі мен тұрмыс жағдайларын жақсартуға арналған жүйелі шараларды жүзеге асырып жатыр. Бұл – әскердің рухын нығайтудағы маңызды фактор.
Сарбаздар мен сержанттарға, офицерлер мен ардагерлерге жанқиярлық қызметі, Отан алдындағы әскери антқа адалдығы үшін шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, Қазақстан халқының үмітін ақтайды деген сенімдемін.
Сіздерге зор денсаулық, амандық және Отанымыздың игілігі жолындағы қызметтеріңізге жаңа жетістіктер тілеймін!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі
авиация генерал-лейтенанты Д. Қосанов