Әскери қызметшілер бітімгерлік миссия офицерлерінің алгоритмдерін меңгерді

Әскери қызметшілер бітімгерлік миссия офицерлерінің алгоритмдерін меңгерді

Алматыдағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығы базасында БҰҰ стандарттарына сәйкес ұйымдастырылған екі апталық сертификатталған «БҰҰ штаб офицерлері» курсы аяқталды.

Оқытуға Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі әскери қызметшілері, Пәкістан мен Қытайдан келген тыңдаушылар, сондай-ақ Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының өкілдері қатысты. Сабаққа Франция мен Сербиядан келген нұсқаушылар да тартылды.

Тыңдаушылар БҰҰ бітімгерлік операцияларының жүйесін, қағидаттарын, сондай-ақ оларды жоспарлау мен іске асыру тетіктерін жан-жақты меңгерді. Оқу бағдарламасы теория мен практиканы ұштастыру негізінде құрылды.

Әскери қызметшілер штаб офицерлерінің жұмыс алгоритмдерін игеріп, нақты жедел жағдайларға негізделген оқу-жаттығуларға қатысты. Курс барысында халықаралық гуманитарлық құқық, БҰҰ нормативтік-құқықтық базасы және миссияларды логистикалық қамтамасыз ету мәселелері кеңінен қарастырылды.

Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары подполковник Рүстем Сүлейменов атап өткендей, бітімгерлерді даярлау халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен бейбітшілікті сақтау бағытындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Тыңдаушылардың көпұлтты ортада жұмыс істеу қабілетін арттыру және миссияларға қатысушылардың халықаралық үйлесімділігін қамтамасыз ету мақсатында оқу ағылшын тілінде жүргізілді.

Бұл курс Қазақстанның бітімгерлік әлеуетін дамытуға және оның халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі сенімді серіктес ретіндегі ұстанымын нығайтады.