Қазақстан Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерге төлем жасау қағидаларын жаңартты

Қазақстан Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерге төлем жасау қағидаларын жаңартты

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне ақшалай үлес, жәрдемақылар және өзге де төлемдерді төлеу қағидаларына өзгерістер енгізді.

Тиісті бұйрық үстіміздегі жылдың 21 сәуірінен бастап күшіне енді.

Түзетулер материалдық қамтамасыз етудің жекелеген нормаларын нақтылауға және төлемдерді есептеу тәртібін жетілдіруге бағытталған.

Атап айтқанда, қағидаларға «істер мен лауазымды қабылдау күні» және «істер мен лауазымды тапсыру күні» деген жаңа ұғымдар енгізілді. Бұл күндер командирдің бұйрығымен бекітіліп, ақшалай үлесті есептеу кезінде қолданылады. Жекелеген төлемдерді есептеу тәртібі де нақтыланды. Мәселен, әскери қызметтен теріс себептермен босатылған жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы енді айдағы нақты күнтізбелік күндер санына пропорционалды түрде есептеледі. Құжатта сыйақы беру тәсілдері де айқындалған.

Әскери қызметшілер ерекше маңызды әрі күрделі тапсырмаларды орындағаны, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін ынталандырылуы мүмкін. Сыйақылар мемлекеттік және кәсіби мерекелерге, сол секілді мерейтойлық күндерге орай берілуі мүмкін. Мерейтойлық жасқа 40 жас және одан кейінгі әрбір бес жыл кіреді. Өзгерістердің жеке бір бөлігі әлеуметтік қолдауға арналған. Әскери қызметшілерге көрсетілетін материалдық көмектің көлемі ұлғайтылды. Енді оның мөлшері ең төменгі жалақыға еселенген түрде айқындалады. Бұл биыл 85 000 теңгені құрайды.

Материалдық көмек бюджет қаражатының үнемделуі есебінен беріледі. Жақын туыстарының, жұбайының немесе қайын жұртының қайтыс болуы жағдайында ол ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшеріне дейін (425 мың теңгеге дейін) жетуі мүмкін. Ал некеге тұру, бала туу, бала асырап алу, мүліктік залал келтірілуі немесе емделу қажеттілігі кезінде – үш еселенген мөлшерге дейін (255 мың теңгеге дейін) беріледі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, енгізілген өзгерістер төлемдер жүйесінің ашықтығы мен әділдігін арттыруға, сондай-ақ әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған.