«Айбалта-2026» оқу-жаттығуы: дронға қарсы іс-әрекет пен әскерлердің үйлесімді қимылы назарда

«Айбалта-2026» оқу-жаттығуы: дронға қарсы іс-әрекет пен әскерлердің үйлесімді қимылы назарда

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Гвардейск гарнизонына барып, «Айбалта-2026» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық барысын тексерді.

Ол «Мәтібұлақ» полигонында алдағы практикалық іс-қимылдардың жоспарын зерделеп, бөлімшелердің міндеттерін айқындады. Оларды орындау кезеңдерін нақтылап, күш-құралдарды бөлу мәселелерін пысықтады. Қазіргі заманғы соққы беру тәсілдерін және қару-жарақ пен әскери техниканы кешенді қолдануды ескере отырып, жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің жаңа элементтеріне ерекше назар аударылды.

Оқу-жаттығулардың негізгі бағыты әуе нысандарына қарсы іс-қимылға, соның ішінде ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды анықтау және жоюға арналады.

– Бөлімшелердің үйлесімді әрекеті, басқарудың тұрақтылығы, атыс дәлдігі, сондай-ақ әуе қаупін жедел анықтап, бейтараптандыру назарда, – деп атап өтті Бас штаб бастығы.

Жұмыс сапары барысында генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров гарнизондағы әскери бөлімдердің жауынгерлік машиналар парктеріндегі қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйін де тексерді. Ол бөлімшелердің тиімділігі техниканың жарамдылығына, пайдалану ережелерінің сақталуына және уақтылы техникалық қызмет көрсетуге тікелей байланысты екенін атап өтті.

Бұдан өзге ол гарнизонның әскери бөлімдерінде жас толықтырудың бейімделуі мен жауынгерлік дайындығын ұйымдастырумен танысып, олардың моральдық-психологиялық жағдайы мен оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығын бағалады.

Бас штаб бастығы сарбаздарға саналы түрде әскери қызметті таңдағаны үшін, сондай-ақ олардың ата-аналарына тәрбие мен қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Мысал ретінде ол Жирновтар отбасын атап өтіп, бір мезетте артиллериялық бригадаға үш ұлын әскерге шығарып салғанын айтты. Бұл оқиға ұрпақтар сабақтастығы мен Отанға қызмет ету дәстүрлеріне адалдықтың айқын көрінісі.