
Қарулы күштердің жеке құрамы Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты.
Елордадағы 68665 әскери бөлімінде Қорғаныс министрі бөлімнің инфрақұрылымымен танысып, жаңа нысандар құрылысының барысын, сондай-ақ бөлімшелерді қару-жарақ және әскери техникамен жабдықтау жоспарларын қарады.
Министр сарбаздармен, сержанттармен және офицерлермен бірге бөлім аумағында ағаш көшеттерін отырғызып, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың жеке үлгісін көрсетті. Ол экологиялық бастамалардың маңызын атап өтіп, әрбір әскери қызметші тазалық пен тәртіпке жауапты екенін өз ісімен дәлелдеді.
Елорда аумағында Қорғаныс министрлігі, Бас штаб, Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелері және әскери оқу орындарының жеке құрамы ағаш көшеттерін отырғызып, көшелерді, скверлерді, тұрғын үй аулалары мен іргелес аумақтарды тазалау жұмыстарын жүргізді.
Сарбаздар, сержанттар мен офицерлер құрал-саймандар алып, Ақмешіт көшесінің Сығанақ және Керей-Жәнібек хандар көшелерінің аралығындағы бөлігін тазалады. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі, Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері әкімшілік ғимараттарының айналасындағы аумақтар да тазартылды.
Бұдан бөлек, әскери қызметшілер Ш. Құдайбердіұлы даңғылы, І. Жансүгіров және А. Янушкевич көшелері бойындағы, сондай-ақ Ильинка кентіндегі әскери қызметшілер тұратын коттедж қалашығының аумақтарын тазалауға қатысты. Ал ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары мен оқытушылары Тұран даңғылы бойында сенбілік ұйымдастырды.
Іс-шаралар Қарулы күштердің барлық гарнизондарында өтті. Әскери қызметшілердің «Таза Қазақстан» жобасына қатысуы қоғаммен бірліктің көрінісі ғана емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың айқын дәлелі болды.