Панкратионнан әлем чемпионы теңіз жаяу әскерінде қызмет етеді

Панкратионнан әлем чемпионы теңіз жаяу әскерінде қызмет етеді

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскері бригадасында панкратионнан әлем чемпионы, Alash Pride лигасының спортшысы қатардағы жауынгер Максим Павлов мерзімді әскери қызметін өтеп жүр.

Қызметтің алғашқы күндерінен бастап ол өзге әскери қызметшілермен қатар әскери істің негіздерін меңгеріп, Әскери ант қабылдауға дайындалуда. Ол үшін әскердегі қызмет тек мықты дене дайындығын ғана емес, жоғары жеке жауапкершілікті талап ететін жаңа кезеңге айналды.

Максим – Қостанай облысының тумасы. Спорттағы жолын ол бала кезінен бастап, 12 жыл бойы табандылықпен жоғары нәтижелерге жетіп келеді. Қостанай спорттық-техникалық колледжін «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған ол күш, тәртіп және үздіксіз даму жолын таңдады.

Оның жетістіктері де аз емес. Ол Қазақстан чемпионатының сегіз дүркін жеңімпазы, панкратионнан әлем чемпионы, панкратион, ММА, жекпе-жек бойынша спорт шебері, армиялық қоян-қолтық ұрыс және грэпплинг бойынша спорт шеберіне кандидат. Соған қарамастан Максим қарапайым әрі мақсатшыл жан болып қала береді. Ол үшін әскери қызмет – жаңа өмір ырғағына бейімделу, әскери-есеп мамандығын меңгеру және тұлғалық тұрғыдан өсу мүмкіндігі.

– Әскерге саналы түрде келдім. Бұл – мен үшін парыз, әрі абырой. Мұнда мінез шыңдалып, рух нығаяды. Қызмет атқара отырып, жаттығуды жалғастырып, формамды сақтап, алдағы уақытта бригадамыздың намысын жарыстарда қорғауға мүмкіндік бар екеніне қуаныштымын, – деді қатардағы жауынгер Максим Павлов.

Қазақстан Қарулы Күштерінде дене дайындығы мен спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Әскер тек кәсіби дағдыларды қалыптастырып қана қоймай, рухы мықты, мақсатшыл жастарды тәрбиелейді. Максим Павловтың оқиғасы – қызмет пен спорттың қатар өріліп, жаңа белестерді бағындыруға жол ашудың жарқын үлгісі.