Алматыда ТМД елдерінің курсанттары арасында математикадан X халықаралық олимпиада басталды

Алматыда ТМД елдерінің курсанттары арасында математикадан X халықаралық олимпиада басталды

Алматыда ТМД құрамына кіретін мемлекеттер әскери жоғары оқу орындарының курсанттары арасында математикадан X мерейтойлық халықаралық олимпиада басталды. Зияткерлік сайыс Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің командаларын біріктірді. Қазақстан құрамасының намысын Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары қорғауда.

Ашылу рәсімінің алдында ұйымдастыру-әдістемелік кеңес өтті. Кеңес барысында қазылар алқасы мен апелляциялық комиссияның құрамы бекітілді. Қазылар құрамына мүше елдер командаларының жетекшілері, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми және білім беру ұйымдарының математика саласындағы жетекші ғалымдары енді.

Олимпиада 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде бұл өзін әскери білім беру саласының ғылыми әлеуетін дамытуға, тәжірибе алмасуға және курсанттарды даярлау әдістемесін жетілдіруге арналған тиімді алаң ретінде көрсетті.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының ғылыми-зерттеу бөлімінің бастығы профессор, подполковник Нұргүл Исмағұлованың айтуынша, олимпиаданы өткізу әскери кадрларды даярлау сапасын арттыруға, курсанттардың кәсіби ынтасын дамытуға және ТМД құрамындағы елдердің әскери білім мекемелері арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.

Іс-шара басталмас бұрын Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков курсанттардың дайындық барысы мен олимпиаданы ұйымдастыру деңгейін тексерді. Алматы гарнизонына жасаған жұмыс сапары барысында оған халықаралық сайысты ұйымдастыру мен өткізуге тартылған оқу-материалдық база, инфрақұрылым және ұйымдастыру тәсілдері таныстырылды.

– Мұндай шаралар жастардың бойында тәртіп, жауапкершілік және патриотизм қасиеттерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Дәл осы қасиеттер Отан қорғаушыларды даярлаудың негізі болып табылады, – деді генерал-майор Асқар Мұстабеков.

Қорғаныс министрінің орынбасары олимпиаданы өткізу ТМД елдерінің қарулы күштері арасында әскери ынтымақтастықты нығайтуға және алда офицерлердің даярлық деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.