
«Астана» өңірлік қолбасшылығы 31775 әскери бөлімінің рота старшинасы 3-сыныпты сержант Тимур Ержанов Қазақстан Қарулы күштері әскери қызметшілері арасында жаңа рекорд орнатты. 200 шақырымдық ультрамарафон қашықтығын 34 сағат 55 минутта еңсерген ол бұл жүгірісін Құрлық әскерлерінің құрылған күніне арнады.
Қарағанды қаласындағы әскери бөлімнің аумағынан басталған марафонның алғашқы шақырымдарын Тимур жұбайы Жанармен бірге жүгіріп өтті. Туған жері – Ұлытау облысының Жаңаарқа кентінде мәреге жеткен әскери қызметшіні туған-туыстары, әріптестері мен жерлестері қарсы алды.
Жол бойы сержантқа әріптестері қолдау көрсетіп, кейбір учаскелерде бірге жүгіріп отырды. Әйтсе де, шақырымдардың негізгі бөлігін ол өз күшімен бағындырды.
– Тимур рухының мықтылығын, төзімділігі мен қызметке адалдығын көрсетті. Оны жеке құрам үлгі тұтады, – деді мотоатқыштар батальонының командирі майор Тасқын Әнуарбекұлы.
Жүгірумен бес жылдан бері айналысатын әскери қызметшінің айтуынша, ол марафондарға тұрақты қатысып тұрады. Биыл Құрлық әскерлері күніне орай 200 шақырым қашықтықты жүгіріп өтуді мақсат еткен.
– Жолда жаңбыр да, қар да жауды. Шаршаған кездерім де болды. Бірақ отбасым мен әріптестерімнің қолдауы мәреге жетуіме көмектесті, – деді Тимур Ержанов.
Бұған дейінгі рекорд Қарағанды гарнизоны Әскери полиция басқармасының офицері майор Заңғар Әлкеновке тиесілі болғанын айта кету керек. Ол 2020 жылы 200 шақырымды 35 сағат 11 минутта жүгіріп өткен болатын.
Жаңа нәтиже Қазақстан Қарулы күштері әскери қызметшілерінің жоғары дене дайындығын және қызметке адалдығын көрсетеді.