Шымкентте Ақтаудағы теңіз жаяу әскерінде қызмет еткен сарбаздарды салтанатты түрде қарсы алды

Шымкентте Ақтаудағы теңіз жаяу әскерінде қызмет еткен сарбаздарды салтанатты түрде қарсы алды

Шымкенттің теміржол вокзалында Ақтау гарнизонының теңіз жаяу әскерлері бригадасында мерзімді әскери қызметін аяқтаған әскери қызметшілерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Көптен күткендерді күтіп алу үшін қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, «Оңтүстік» ӨңҚ 35748 әскери бөлімінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, сарбаздардың туған-туыстары келді.

Ата-аналарға борышын осылай лайықты өтеген азаматтар тәрбиелегені үшін, ал сарбаздарға әскери борышын адал және абыроймен орындағаны үшін алғыс сөздер айтылды.

Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев жерлестерді салтанатты түрде шығарып салу және қарсы алу рәсімдері дәстүрге айналғанын айтты.

– Бүгін жиырмадан астам азамат үйлеріне оралды. Олар өздерінің әскери міндеттерін абыроймен атқарды. Теңіз жаяу әскерлеріндегі қызмет мінезді ғана шыңдап қоймай, ерік-жігерді қатайтатын және жауапкершілікке үйрететін сынақ. Біз олардың өздеріне сенімді және шымыр болып оралғандарын көріп отырмыз, – деді ол.

Жастар үшін қызықты әрі күрделі болған әскердегі жыл артта қалды. Шынығулар, қарқынды жаттығулар, марш жүгіру және дабылмен көтерілу олар үшін нағыз батылдық пен тұлға болып қалыптасу мектебіне айналды.

Әскери қызметшілердің өздері армия оларға кей нәрселерге жаңа көзқараспен қарауға ықпал еткенін тілге тиек етті.

– Әскерде сен үйіңнің, отбасыңның және жақындарыңның қолдауын шынымен бағалай бастайсың. Бұл жыл маған көп нәрсе үйретті. Теңіз жаяу әскерінде қызмет етіп, осы команданың құрамына кіргенімді мақтан етемін, – деді қатардағы жауынгер Жансерік Қасымханұлы.

Әскери қызметшілердің туған-туыстарымен кездескен сәтінде перрон маңы жылы эмоцияларға толды.

– Інімді шығарып салған кезде, әрине, алаңдадық. Бүгін біз оның қалай өзгергенін көрдік. Шымыр, байсалды, өзіне сенімді бола түскен. Осы уақыт ішінде онымен сөйлесіп тұрдық. Енді көріп, құшағымызға алғанымызға қуаныштымыз, – деді әпкелері Арайлым мен Назерке.

Қызмет барысында жастар әскери істі игерді, қару-жарақ пен техниканы үйренді. Өзеріне азаматтық өмірде қажет болатын әскери-есептік мамандық алды.

Салтанатты кездесу гүлдермен, түрлі-түсті шарлармен және ыстық құшақтармен көмкеріліп, жүректерге ерекше жылулық сыйлап, ұлдары мен бауырларына деген мақтаныш сезімін арттырған ұмытылмас сәтке айналды.