
Ғылым қызметкерлері күніне орай Ұлттық қорғаныс университетінде мерекелік іс-шара өтті. Оған оқу орнының басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы және ардагерлер қатысты.
Ғылым мен білімді дамыту арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отырған оқу орны үшін бұл күннің маңызы ерекше. Университет ұжымы бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті дамытып келеді. Заманауи әзірлемелер енгізіп, білікті мамандар даярлауды қамтамасыз етуде. Оқу орнының ғылыми әлеуетін 5 ғылым докторы, 24 ғылым кандидаты, 57 философия докторы (PhD), 1 бейін бойынша доктор құрайды.
2018-2025 жылдары гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында олар жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 22 ғылыми-техникалық жобаны жүзеге асырды. Оның ішінде авторлық бағдарламалық қамтамасыз етуі бар «Шағала» барлау ұшқышсыз ұшу аппараты, инженерлік әскерлердің қаруына қабылданған жаңғыртылған минасыздандыру қондырғысы және басқа да жобалар бар. Сондай-ақ барлау-соққы беру және барлау-оқ ату кешендерін құру бойынша зерттеулер жүргізіліп, оларды қолдану жөнінде ұсынымдар әзірленді.
Сала мамандарын мерекемен университет бастығы генерал-майор Бауыржан Әбжанов құттықтады. Ол ғылымның мемлекетті дамытудағы және ұлттық қауіпсіздікті нығайтудағы стратегиялық рөліне тоқталып, қазіргі геосаяси жағдайда ғылым мен тәжірибенің тығыз байланысы ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Ғылым – мемлекетті дамытудың негізгі қозғаушы күші. Ал әскери ғылым – ел қауіпсіздігінің сенімді қалқаны. Сіздердің табанды еңбектеріңіз бен ғылыми ізденістеріңіздің арқасында отандық әскери ғылым жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл – үлкен жетістік әрі жоғары жауапкершілік, – деп атап өтті генерал-майор Б. Әбжанов.
Іс-шарада әскери білім мен ғылымды дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар әскери қызметшілер мен ғалымдар алғыс хаттармен марапатталды.
Ғылым қайраткерлерінің құрметіне Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Орталық ансамблінің әртістері мен «Күмбір» триосы өнер көрсетті. Ұлттық нақыштағы және патриоттық композициялар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.