
«Кеңсай» қорымында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары Қазақстанның көрнекті тұлғаларының зираттарын абаттандыруға арналған әскери-патриоттық акция өткізді.
Іс-шара Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары полковник Талғат Сыздықовтың жетекшілігімен ұйымдастырылды.
Курсанттарға даңқты отандастардың ерлігі мен өмір жолы туралы баяндалып, бұл олардың ел тарихын тереңірек білуге және тарихи жадыны сақтауды түсінуіне ықпал етті.
– Нағыз патриотизм нақты істерден – батырлардың рухына құрмет көрсетуден, олардың мәңгілік мекеніне қамқорлық жасаудан және өмір жолын зерделеуден басталады, – деді полковник Талғат Сыздықов.
Болашақ офицерлер аумақты тазалап, қоршауларды жаңартып, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов және Қасым Қайсенов сынды батырлардың зираттары маңын ретке келтірді.
Аталған іс-шара ұрпақтар сабақтастығының үзілмейтінін және тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығын айқын көрсетті.