
Алматыда Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінде «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушыларды іріктеудің қалалық кезеңі өтті.
Шараны қорғаныс істері жөніндегі департаменті, білім басқармасы, Десанттық-шабуылдау әскерлері, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының қолдауымен дене шынықтыру және спорт оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.
Іріктеу кезеңіне 14 пен 17 жас аралығындағы 210 жоғары сынып оқушылары – әскери-патриоттық клубтар мен мамандандырылған сыныптардың атынан шығып жүрген аудандық турлардың жеңімпаздары қатысты. Жарыс барысын алғашқы әскери және технологиялық дайындықтың тәжірибелі оқытушылары бақылап отырды.
Ұлдар мен қыздар әскери-қолданбалы пәндер бойынша машықтарын көрсетті. Атап айтқанда, АК-74 автоматын бөлшектеп, жинау, пневматикалық мылтықтан ату, күш жаттығулары және командалық эстафета. Зияткерлік сынақтарда қатысушылар робототехника және әскери-техникалық әзірлемелер саласындағы жобаларын таныстырды.
– Біз мықты дайындықты ғана емес, жастардың әскери қызмет пен заманауи технологияларға деген шынайы қызығушылығын көрдік. Құрама команданың ішіне іріктеуден өткен 10 жігіт және 5 қыз, яғни нағыз мықтылар кірді, – деп атап өтті Алматыдағы «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы филиалының төрағасы запастағы подполковник Марат Қанатов.
Командалық және жеке сынақтардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Жарыс қорытындысы бойынша 15 мықты оқушыдан құралған құрама жасақталды. Олар Ақмола облысы Щучинск қаласында өтетін «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында Алматының атынан сайысқа шығады.