
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков әскери қалашықтағы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы аллеяда өткен ағаш ағаш егу акциясына қатысты. Жалпы мамыр айының соңына дейін гарнизонда 500 түп ағаш егу жоспарланып отыр.
– Көгалдандыру – тек аумақты абаттандыру ғана емес. Бұл – адамдардың денсаулығына және экологиялық қауіпсіздікке қосылған үлес. Әскери қызметшілер мен мектеп оқушыларының бірлескен акциялары жас ұрпақтың жауапкершілік сезімін нығайтып, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырады, – деп атап өтті генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Қорғаныс министрінің орынбасары жұмыс сапары барысында гарнизондағы әлеуметтік нысандардың жағдайымен де танысты. Ол мектеп, балабақша, госпиталь, гарнизондық кітапхана және Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың филиалын аралады.
Балалардың білім алуы мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінді. Бауыржан Момышұлы атындағы № 43 орта мектепте және мектепке дейінгі мекемелерде генерал-майор Асқар Мұстабеков материалдық-техникалық базаның жағдайын, тамақтандыру мен жылумен қамтамасыз етуді, сондай-ақ кадрлармен қамтылуын бағалады. Әскери қалашықта жалпы сыйымдылығы шамамен 500 орын болатын үш балабақша жұмыс істейді.
– Балалардың бойында жас күнінен бастап жауапкершілік сезімін, әскери қызметке деген құрмет пен Отан қорғауға әзірлікті қалыптастыру маңызды. Бұл бағытта алғашқы әскери дайындық сабақтарының және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының әлеуетін барынша тиімді пайдалану қажет, – деп атап өтті ол.
Сапар қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырмалар берді.