
Тұңғыш қазақ генералы Жансен Керееев атындағы № 65 жалпы білім беретін мектептің «Жаубасар» сыныбының тәрбиеленушілері Әзербайжаннан жеңіспен оралды.
Екі жыл бұрын бұл оқу орны 20709 әскери бөлімімен меморандумға қол қойған болатын. Осыған сәйкес әскери қызметшілер оқушылармен бірге оқу-жаттығу жиындарын, практикалық сабақтар, экскурсиялар мен кездесулер өткізіп келеді. «Жаубасар» сыныбында оқушыларға шығармашылық қабілеттерін дамытуға, дене дайындығын жақсартып, әскери-қолданбалы дағдыларды меңгеруге жақсы жағдай жасалған.
Baku Art Festival – 2026 халықаралық балалар шығармашылығы байқауында Ақтөбе қаласындағы мектептің жетінші сынып оқушылары Бас жүлдені иеленді. Олар «Қазақ елім – байтағым» әнін орындап, вокалдық шеберлік пен сахналық мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетті.
Baku Art Festival – әртүрлі елдердің талантты балалары мен жастарын біріктіретін маңызды халықаралық алаңдардың бірі. Жас патриоттардың жетістікке жету жолы биыл наурыз айында өткен республикалық Art Fest байқау-фестиваліндегі жеңістен басталды. Сол байқауда «Жаубасар» командасы Қазақстанды халықаралық аренада таныстыру құқығына ие болған еді.
– «Жаубасар» әскери-патриоттық сыныбы әскер мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара тиімді іс-қимылдың айқын мысалы болып отыр. Еліміздегі бес мыңнан астам мектепте «Жас айбын» сыныптары ашылды. Олардың әрқайсысына тиісті әскери бөлімшелердің қарамағындағы қамқорлық бекітіледі, – деп нақтылады Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов.
Ақтөбедегі оқушылар мен әскери қызметшілердің ынтымақтастығы тек Отанға қызмет етуге дайындықты қалыптастырумен шектелмейді, олардың жан-жақты дамуына да септігін тигізіп келеді. Халықаралық байқаудағы жеңіс бұл жұмыстардың тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді.