
Алматы қаласынан шыққан пойызбен Қарулы күштердің 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдаушы бригадасында әскери борышын өтеген 27 сарбаз келді.
Оларды қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері мен сарбаздардың ата-аналары, жақындары ерекше қуанышпен қарсы алды.
Сап басшысы Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықовқа Қонаев қаласындағы 32363 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын абыроймен орындап келгенін баяндады.
Салтанатты қарсы алу рәсімінде департамент өкілі ата-аналарына нағыз азаматтарды тәрбиелегендері үшін алғыс айтып, ал сарбаздарға жүрекжарды тілегін білдірді:
– Сендер еліміздің беделді әскери бөлімінде Отан алдындағы міндеттеріңді адал атқардыңдар. Әскерден кәсіп қыларлық мамандық үйрендіңдер. Алда алған тәжірибені кәдеге жаратып, ел игілігі үшін еңбек етіп, қоғамға үлгілі азамат болады деп сенемін, – деді.
Әскери рәсім аяқталған сәттен кейін кезек балаларын тағатсыздана күткен ата-аналары мен жақындарына да келді.
– Немеремді аман-есен қарсы алдым. Азамат болып оралды. Әскер – ер азаматты шыңдайтын үлкен мектеп қой, – деді Әлімхан Жантурлиннің атасы Қойшан Тоқаев немересін көрген сәттегі қуанышын жасыра алмай.
Жаңа ғана пойыздан түскен запастағы жауынгер Медет Төлеуханның анасы Мейрамкүл Ибраева үшін бұл күн ерекше толқып, бір жыл бойы үйден жырақ жүріп, Отан алдындағы міндетін аман-есен атқарып келген баласын құшағына алып, сағынышын басқан күн.
Перрондағы әрбір сәт патриоттық рухтың, елге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісіне айналды.
Әскерден жаңа оралған гвардия сержанты Кеңесхан Ильяс та командирлеріне алғысын білдіріп, армия оған үлкен өмір мектебі болып, жауапкершілік пен тәртіпке үйренгенін, енді алған тәжірибесімен елге қызмет еткісі келетінін айтты.
Әскери қызметтен өткен азаматтар үшін жұмысқа орналасу мен жоғары білім алуда жаңа перспективалар бар екенін атап өткен жөн. Борышын өтегендер жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай түсуге құқылы. Ал жауынгерлік дайындық үздіктері грантпен тегін жоғары білім ала алады.
Жалпы, көктем мезгілінде мерзімді әскери қызметін аяқтаған «Көктем-2025» шақырылымының 21 мыңдай сарбазы үйлеріне қайтады, оның ішінде елордаға 1200-ден астамы оралмақ. Олардың әрқайсысы – елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына өз үлесін қосты.