
Гвардейск гарнизонының танк құрамасы «Мәтібұлақ» полигонында Т-72 танкісінің қару-жарағынан жоспарлы атыстар өткізді. Сабақ барысын бақылаған Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев жеке құрамға өзі үлгі көрсетті.
Ол атыс сабақтары басталмас бұрын танк экипажы құрамында көздеуші оператор ретінде көрсетілімдік жүрісті орындады. Жаттығу барысында штаттық снарядтармен нысанаға дәл тигізіп, қару-жарақ пен техниканы қалай сенімді басқаруға болатынын айқын көрсетті.
Атыстар калибрі 125 мм зеңбірек пен ПКТ қосарланған пулеметінен 1600, 1700 және 1800 метр қашықтықтағы нысаналарға жүргізілді.
Сабақ кезінде экипаждардың үйлесімді іс-әрекетіне, атысты дәл жүргізуге және бұйрықтарды орындаудың жылдамдығына ерекше назар аударылды.
Атыс жаттығуларының қорытындысы бойынша жеке құрамның даярлығы жоғары деңгейде екені атап өтілді. Барлық экипаждар тапсырмаларды «жақсы» және «үздік» деген бағамен орындады.
Сонымен бірге қолбасшылық тарапынан қатардағы жауынгер Владимир Ганженконың дайындығы жоғары бағаланғанын атап өту керек. Оған келісімшарт бойынша қызметін жалғастыру жөнінде ұсыныс айтылды. Сарбаз көп ойланбастан келісімін берді.