
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Қызылорда қаласындағы № 6 Иван Панфилов атындағы және № 290 мектептерде, сондай-ақ Өнер үйінде әскери-патриоттық бағыттағы кездесулер мен іс-шаралар өткізді.
Топ құрамында Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі полковник Даулет Бейсеков, Білім және ғылым департаментінің өкілі полковник Серік Қуатбаев, сондай-ақ Алматы қаласындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталық филиалы Жауынгерлік даңқ музейінің басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алуа Байқадамова болды.
Қорғаныс министрлігінің офицерлері жоғары сынып оқушыларына әскери оқу орындарына түсу тәртібі, Қарулы күштердегі қызметтің артықшылықтары мен мансаптық мүмкіндіктері туралы жан-жақты айтып берді.
– Біздің басты міндетіміз – әрбір жасөспірімге әскери қызметтің тек борыш қана емес, сонымен қатар үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын түсіндіру. Бүгінде әскерде қызмет еткен жастар үшін жоғары оқу орындарына түсу және білім гранттарын алу кезінде елеулі жеңілдіктер қарастырылған, – деді полковник Д. Бейсеков.
Мыңға жуық оқушының басын қосқан ауқымды іс-шара қаладағы Өнер үйінде өтті. Акцияға қатысушылар үшін фойеде Алматыдағы Жауынгерлік даңқ музейінің экспонаттары мен атыс қаруларының үлгілері таныстырылды.
Аты аңызға айналған қолбасшы Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамованың Ұлы Отан соғысы жылдарында 316-атқыштар дивизиясының құрылуы және панфиловшылардың ерлігі туралы әңгімесін қызылордалық жастар қызыға тыңдады.
Сонымен қатар А. Байқадамова Иван Панфилов атындағы № 6 жалпы білім беретін мектептің директоры Бақытжан Дүйсенбаевқа панфиловшылар қозғалысы вымпелінің көшірмесін табыстады.
Сондай-ақ, патриоттық акцияға Қызылорда өңірінің тумасы, 66597 әскери бөлімінде мерзімді қызметін өтеп жүрген Альтаир Данышпан да қатысты. Ол қатарластарына әскердегі күнделікті өмір, тәртіп және қызмет барысында алған тәжірибесі туралы айтып өтті.
Жандос Төлеген Қорғаныс министрлігінің «Срочники 2.0» бағдарламасына қатысушысы. Қазіргі таңда ол Қызылорда ашық университетінде мемлекеттік грант негізінде білім алып, құқықтану негіздерін меңгеруде.
Кездесу акцияның «Біртұтас ел – біртұтас жер» идеясын айқын көрсеткен Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымының концертімен аяқталды.
Ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы Жалағаш, Сырдария және Жаңақорған аудандарының елді мекендерінде жалғасады.