
Әскерде кең таралып келе жатқан дайындықтың жаңа тәсілімен республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері Маңғыстау облысында өткен баспасөз туры барысында танысты.
Сапар бағдарламасы Астанадан Ақтауға Әуе қорғанысы күштерінің С-295 ұшағымен ұшудан басталды.
Журналистер алдымен теңіз жаяу әскерлері нысандарын аралап, пейнтбол қалашығындағы екі взводтың шартты қақтығысын тамашалады. Онда әскери қызметшілер тактикалық маневрлерді пысықтап, үйлесімді іс-қимылдарын көрсетті.
25744 әскери бөлімінің командирі гвардия подполковнигі Азамат Сүлейменовтің айтуынша, пейнтбол ғимараттарға шабуылдау, аумақты тазарту, қорғаныс пен шабуыл кезіндегі іс-қимылдар сияқты нақты жауынгерлік жағдайларды модельдеуге мүмкіндік береді. Осындай дайындықтың арқасында теңіз жаяу әскерлері дұрыс қозғалып, тиімді позицияларды иеленуге және бөлімше құрамында өзара іс-қимылды үйлестіруге машықтанады.
Оқу сыныбында қонақтар жас жауынгерлердің әскери техниканы жүргізу және заманауи қару түрлерін қолдану дағдыларын қалай меңгеріп жатқанын бақылап көрді. Одан соң «Оймаша» полигонында көрсетілімдік атыстар ұйымдастырылды. Әскери қызметшілер мерген мылтықтары мен түрлі гранатаатқыштардан жаттығулар орындап, ұрыс жағдайына барынша жақын ортада тактикалық әрекеттерді пысықтады.
Сондай-ақ бригаданың сап алаңында төрт жасар блогер Бек Сәбитті теңіз жаяу әскерлерінің қатарына қабылдау рәсімі өтті. Әскери ант сөздерін салмақты кейіппен әрі мақтанышпен айтқан бүлдіршін жиналғандардың қошеметіне бөленді.
Әскери-теңіз базасына жасалған сапар да есте қаларлықтай болды. Мұнда қонақтар бөлімнің инфрақұрылымымен, жауынгерлік кемелердің міндеттерімен және елдің теңіз шебін қорғаудағы Әскери-теңіз күштерінің рөлімен танысты. Әскери теңізшілер экипаж жұмысы, кемені шабуылдау тактикалық көрінісі, заманауи навигация және бақылау жүйелерін көрсетті.
Ең әсерлі сәттердің бірі кемемен теңізге шығу болды. Журналистер теңіздің кермек суын ішіп, әскери теңізшілердің бауырластық рухын сезінуге мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, Әуе қорғанысы күштерінің нысандарын аралау да мазмұнды өтті. БАҚ өкілдері ұшу құрамын даярлау және авиациялық техникаға қызмет көрсету процесімен танысты. Әсіресе заманауи авиация мүмкіндіктерін айқын көрсеткен көрсетілім ерекше әсер қалдырды.
Медиа өкілдері құрлықта, теңізде және әуеде қызмет етудің ерекшеліктерімен осылай танысты. Олар жеке құраммен тілдесіп, күнделікті тұрмыс жағдайларын, оның ішінде сарбаздардың тамақтануын да бағалай алды.
Осының бәрі кәсібилік, қатаң тәртіп және заманауи технологиялар біртұтас, әрі тиімді қорғаныс жүйесін қалай қалыптастыратынын айқын көрсетті.