
Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубында Қазақстанның күштік құрылымдары арасында қазақ күресі мен самбодан чемпионат басталды. Сайыстың ашылуына қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов қатысты.
Қорғаныс ведомствосының басшысы спортшыларды, жаттықтырушыларды, төрешілер мен көрермендерді құттықтап, мұндай жарыстардың әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын арттырудағы және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтудағы маңызын атап өтті.
– Боз кілем үстіндегі тартыс нағыз үздіктерді анықтап қана қоймай, бөлімшелердің кәсібилігін арттыруға ықпал етеді. Іріктеу кезеңдеріне үш мыңнан астам балуан қатысты. Турнир ұлттық спорт түрлерін насихаттауда, жауынгерлік рухты көтеруде және күштік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуда маңызды рөл атқарады, – деді Дәурен Қосанов.
Чемпионатқа Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Шекара қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық ұлан атынан 30 команда құрамында 200-дің үстінде спортшы қатысып отыр.
Самбо сайысында 58, 64, 71, 79, 88, 98 және 98 келіден жоғары салмақта, ал қазақ күресі 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ бойынша өтуде.
Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы, полковник Арман Әбеуовтың айтуынша, татамидегі сайыстың қорытындысы бойынша Қазақстанның күштік құрылымдарының құрама командалары жасақталады. Олар Әскери спорттың халықаралық кеңесі (CISM) аясында өтетін самбо мен қазақ күресінен әлем чемпионаттарында, сондай-ақ Өзбекстанда өтетін кураш күресінен CISM-нің алғашқы әлемдік жарысында ел намысын қорғайды.
Турнир әскери-қолданбалы спортты дамытуға, әскери қызметшілердің дене дайындығын нығайтуға және ұлттық күрес түрлерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған.