Абыроймен өтелген борыш: батылдық пен жауынгерлік достық жолы

Абыроймен өтелген борыш: батылдық пен жауынгерлік достық жолы

Қонаев гарнизонында 35-ші жеке гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының саптық алаңында 26363 және 32363 әскери бөлімдерінің мерзімді қызметін аяқтаған әскери қызметшілерін салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Көк береттер сап алдында Жауынгерлік туды ұстап қатарласа, зор мақтанышпен салтанатты маршпен жүріп өтті.

Іс-шараға гарнизон басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері және әскери бөлімдердің жеке құрамы қатысты.

Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен шамамен 600 мерзімді қызмет әскери қызметшісі Жауынгерлік Тумен қоштасты. Бұл рәсім әскери бөлімнің абыройын, ерліктің және ұрпақтар сабақтастығының нышаны.

– Әскерде жүріп сендер шынығып шыңдалып, қажетті дағдылар мен тәжірибе жинадыңдар. Отанға адал қызметтерің үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сендер конституциялық борыштарыңды абыроймен орындап, десанттық-шабуылдау әскерлерінің даңқты дәстүрлерін лайықты жалғастырушы атандыңдар. Сендерге зор денсаулық, отбасыларыңа амандық және сәттілік тілеймін, – деді 32363 әскери бөлімінің командирі гвардия полковнигі Бейбіт Аманқалиев.

Қызмет барысында үздік көзге түскен бірқатар әскери қызметшілер грамоталармен, естелік сыйлықтармен және ата-аналары алғыс хаттармен марапатталды.

Саптық алаңда әндете жүріп өткен соңғы марш, командирлер мен қарулас достарының жылы лебіздері әр жауынгердің жадында жарқын із қалдырары сөзсіз.

– Бүгін үйге ораламыз. Десанттық-шабуылдау бригадасында қызмет өткергенімді мақтан тұтамын. Көк ала жейде мен көк беретті абыроймен мақтана киіп жүремін. Біздің жауынгер болып қалыптасуымызға қосқан үлесі үшін командирлерге ерекше алғыс айтқым келеді, – деді гвардия кіші сержанты Инабат Мұқатай.

Он екі ай бойы сарбаздар әскери істің қыр-сырын меңгеріп, сеніп тапсырылған қару-жарақ пен техниканы үйренді. Білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көрді, дене шынықтыру және моральдық-психологиялық даярлықтарын жетілдірді. Әскерден алған дағдылар олардың алдағы өміріне де қажет болары анық. Жігіттер жоғары оқу орындарына түсіп, күштік құрылымдарда, мемлекеттік органдарда қызмет етеді немесе азаматтық саланың маманы бола алады.