Әскери қызметшілер Наурыз мейрамын атап өтті

Әскери қызметшілер Наурыз мейрамын атап өтті

Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдері мен құрамаларында Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік  іс-шаралар өтті.

Наурыз  – күн мен түннің теңеліп, табиғаттың жаңарып, тіршіліктің түлейтін кезеңі. Бұл күні әскери ұжымдарды да ұлттық киім мен бай дастархан айшықтап тұрды. Наурызда әскери қызметшілер мерекелік концерттер мен театрландырылған қойылымдар, ептілік пен тапқырлықты қажет ететін түрлі сайыстар ұйымдастырды.

Шымкент гарнизонындағы 35748 әскери бөлімінде өткен іс-шараларға Қарулы күштердің ардагерлері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелері қатысты. Меймандар мен жеке құрам үшін киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарлама әзірленді. Ұлттық ойындар ұйымдастырылып, мерекелік дастархан жайылды. Жиналғандар Наурыз көжеден дәм татты.

– Наурыз – халқымыз үшін жақсылық пен үміттің бастауы. Бұл мереке біздің ұлттық болмысымызды сақтауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелейді, – деп атап өтті 35748 әскери бөлімінің командирі подполковник Сергей Биболатов.

Әскери қызметшілер «бесікке бөлеу», «тұсау кесу», «беташар» сияқты салт-дәстүрлерді көрсетіп, ұлттық бай мәдениетті паш етті.

Сондай-ақ жеке құрам арасында «бәйге», «қыз қуу», «аударыспақ», «асық ойыны», «арқан тарту» және «тоғызқұмалақ» сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

Іс-шаралар әскери қызметшілердің бірлігі мен ынтымағын нығайтып, жауынгерлік рухын көтеруге ықпал етті.