
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің көшпелі көрмесі өтті.
Әскери оқу орнының тәрбиеленушілеріне арнап белгілі тарихшылар, эксперименттік археологтар, қару-жарақ зерттеушілері және блогерлер – Нұрқожа Бауыржанұлы мен Дастан Сәбитұлы сөз сөйледі.
Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шара XV–XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы кезеңіндегі жауынгерлердің қару-жарағы жайында танымдық дәріс форматында өтті. Дәріс қазақ батырларының қару-жарағы мен әскери киім үлгілерін көрсету арқылы жалғасты.
Іс-шараға қатысушылар көшпелі жауынгерлердің дәстүрлі «Бес қару» жарағымен, сол секілді алғашқы атыс қаруларының тарихы, түрлері және оларды қолдану мақсаттарымен танысты.
– Әскери тарих – ұлттық жадымыздың маңызды бөлігі. Осындай кездесулердің арқасында жастар қару-жарақты өз көздерімен көріп, қазақ батырларының ұрыс жүргізу өнерін бағалай алады, – деді Нұрқожа Бауыржанұлы.
Өз кезегінде Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-тарихи құндылықтар бөлімінің бастығы майор Дәулет Қадыров та мұндай іс-шаралар елдің әскери тарихын насихаттауға және жастардың ата-баба мұрасына деген құрметін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Шара соңы Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамбль әншілері мен шығармашылық взвод сарбаздарының концертімен аяқталды.