
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков өңірдегі әскери бөлімдердің жеке құрамымен, жас сарбаздармен, әскерге дейінгі жастармен және қоғам өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетовтің, әскерге дейінгі жастар мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілерінің қатысуымен іс-шара өтті. Генерал-майор Асқар Мұстабеков өз сөзінде Отан қорғаушы миссиясының жауапкершілігін атап өтіп, өскелең ұрпақ арасында патриоттық сезімді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара барысында жас робототехниктер әскери инженерия саласындағы жобаларын ұсынып, бағдарламалау, мобильді қосымшалар жасау және жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы тәжірибелерін көрсетті. Қорғаныс министрінің орынбасары жастардың шығармашылығын жоғары бағалап, заманауи технологияларды меңгеруде табыс тіледі.
Жетісу гарнизонының әскери бөлімдерінде генерал-майор Мұстабеков әскери қызметшілердің күнделікті өмірімен танысып, казармалардың жағдайын, әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды және асханалардағы тамақтануды ұйымдастыруды тексерді. Жеке құраммен жұмысқа ерекше көңіл бөлінді. Сарбаздармен әңгімелесіп, олардың денсаулығын, көңіл-күйін сұрап, қызмет жағдайларын жақсарту жөніндегі өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Жауынгерлік дайындықтағы үздік көрсеткіштері үшін 18404 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Тұрлан Оразбаев 10 күндік демалыспен марапатталды. Енді сарбаз туған қаласы Оралға барып, отбасын қуантпақ.
Әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жөніндегі қызмет өкілдерімен кездесуде генерал-майор А. Мұстабеков олардың жеке құрамның моральдық рухын көтерудегі және әскери қызметтің тиімділігін арттырудағы маңызын атап өтті.
Министрдңң орынбасары облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қызметімен танысып, шақыру пунктіне барды. Онда «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Татьяна Тропинамен кездесті. Тараптар әскерге шақыру және мерзімді әскери қызметті өткеру мәселелерін талқылады. Шақыру пунктінде генерал-майор А. Мұстабеков жұмыстың ұйымдастырылуын, шақыру комиссиясының қызметін, медициналық тексерудің сапасын және шақырылушылардың жағдайын тексерді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша генерал-майор Асқар Мұстабеков жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде оң динамика бар екенін атап өтіп, жеке құрамның моральдық рухын нығайтуға бағытталған іс-шараларды жалғастыру қажеттігін қадап айтты. Көктемгі шақыру науқаны аясында ол заңнаманың қатаң сақталуына және шақырылушылар мен олардың ата-аналары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге ерекше назар аударды.