
Қазақстан Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімшелерінің жиыны 74261 әскери бөлімінің «Көктал» оқу-жаттығу орталығында ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығу шаралары топ командирлері мен сержанттарының міндеттерді орындауды ұйымдастырудағы практикалық дағдыларын жетілдіруге, далалық машықтарын арттыруға және жауынгерлік үйлесімді іс-қимылды нығайтуға бағытталған.
Десантшылар қару-жарақ пен әскери техниканы пайдаланып, далалық жағдайда әрекет ету дағдыларын пысықтау үстінде.
Бөлімшелерді біріктіруге бағытталған іс-шаралар жарыс түрінде өтті. Әрқайсының құрамында 15 әскери қызметші бар 18 топ құрылды. Десантшылар өздерінің ең үздік жауынгерлік қасиеттерін, яғни тапқырлықты, төзімділікті және тосын жағдайда үйлесімді әрекет ету қабілетін көрсетті.
20 шақырымдық марш барысында «көк береттілер» жауынгерлік даярлық нормативтерін орындады. Топ командирлері шұғыл шешім қабылдап, жауынгерлік бұйрық беру шеберлігін көрсетті. Әскери қызметшілер миналы-жарылғыш бөгеттер мен су кедергілерін еңсеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Ұрыс алаңынан жараланғандарды эвакуациялап, бұзылған техниканы қысқа мерзімде жөндеді.
Сонымен қатар десантшылар радиостанцияларды орналастырып, бөлімшенің командалық пунктімен байланысқа шықты, одан өзге жару жұмыстарын орындап, пышақ пен сапер күрегін лақтыру арқылы нысаналарды дәл көздеді.
Сабақтар 20 наурызға дейін жалғасатын болады. Мұндай жаттығулар Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілеріне шеберліктерін шыңдап, жауынгерлік үйлесімділікті нығайтуға және күрделі жауынгерлік міндеттерді орындауға толық әзір екенін дәлелдеуге мүмкіндік береді.