Қорғаныс министрлігі мен отандық ІТ-компаниялар киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды

Қорғаныс министрлігі мен отандық ІТ-компаниялар киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды

Қорғаныс ведомствосында министрдің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіровтің жетекшілігімен ақпараттық қауіпсіздік жедел орталықтары және киберқауіпсіздік саласында шешімдер әзірлеу мен қызмет көрсетуге маманданған отандық компаниялар басшыларымен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесуде қорғаныс ведомствосы мен қазақстандық технологиялық компаниялар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттар елдің киберқауіпсіздік қабілетін нығайтуға ықпал етпек.
Сонымен бірге, тараптар Қорғаныс министрлігі мен бизнес құрылымдар арасындағы әріптестіктің перспективалық бағыттарын талқылады. Оның ішінде киберқауіпсіздік саласына мамандар даярлау, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларды іске асыру, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді қорғауға арналған заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Мемлекет пен отандық ІТ-сектор арасындағы белсенді ынтымақтастық Қарулы күштердің киберқорғаныс әлеуетін арттыруға, сондай-ақ ұлттық құзіреттер мен технологиялық шешімдерді дамытуға мүмкіндік береді.
«Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамымен, «Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы» заңды тұлғалар бірлестігімен, сондай-ақ «Seven hills of Kazakhstan», «MSSP.GL» және «RTEAM» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен меморандумдарға қол қою арқылы тараптар киберқауіпсіздікті тұрақты қорғауды қамтамасыз етуге және инновацияларды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға ниетті екенін айқындады.