Гвардейск гарнизонында танк бөлімшелерінің штаттық атыстары өтті

Гвардейск гарнизонында танк бөлімшелерінің штаттық атыстары өтті

Құрлық әскерлері Оқу орталығының полигонында мерзімді әскери қызметшілер Т-72 танкісінің қару-жарағынан жоспарлы штаттық атыстарды орындады.

Дайындықтың алғашқы кезеңінде сарбаздар танк қару-жарағының материалдық бөлігін зерделеп, қауіпсіздік ережелерін үйренді. Кейін олар жаттығу талаптарын қалай орындау керегін меңгеріп, жауынгерлік техниканы пайдалану негіздерін оқыды. Сондай-ақ тренажерлар мен симуляторларда экипаж мүшелерінің іс-қимылына жаттықты. Теориялық білім мен бастапқы практикалық дағдыларды бекіткеннен кейін әскери қызметшілер полигондағы жаттығуларға жіберілді. Алдымен олар оқу оқ-дәрілерімен практикалық атыстарды пысықтап алды. Дайындықтың соңғы кезеңінде танк қаруынан штаттық снарядтармен жауынгерлік жаттығуларды орындауға кірісті.

– «Танкист» мамандығына оқып жатқан сарбаз алғашқы штаттық снарядпен атқанда ғана нағыз танкистке айналады. Дәл сол кезде ол танк қаруының қуатын сезініп, дайындық барысында үйренген машықтарының бәрін іс жүзінде дәлелдейді, – деп атап өтті танкистер мектебінің бастығы гвардия капитаны Бағлан Серікбай.

Атыс жаттығулары жеке құрамның танк қаруын сенімді меңгергенін және жауынгерлік даярлығын одан әрі жетілдіруге дайын екенін көрсетті. Оқу орталығы Қарулы күштердің бөлімшелері үшін кіші мамандар даярлайды. Мұнда мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер алты ай бойы механик-жүргізуші, танк және жаяу әскер жауынгерлік машиналарының көздеуші операторы, сондай-ақ бронетранспортер мен КАМАЗ көлігінің жүргізушісі секілді әскери есептік мамандықтар бойынша оқытылады. Курс аяқталған соң олар өз мамандығы мен әскердің қажеттілігіне сәйкес әскери бөлімдерге жіберіледі.