Құрлық әскерлері әскери институтының 200-ге жуық курсанты әскери тағылымдамадан өтті

Құрлық әскерлері әскери институтының 200-ге жуық курсанты әскери тағылымдамадан өтті

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтын аяқтаушы түлектер Қарулы күштердің әскери бөлімдеріндегі тағылымдамаларын сәтті аяқтады. Болашақ офицерлердің практикалық дайындығы еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі гарнизондарда жүзеге асты.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Тараз гарнизонында курсанттар 5-ші механикаландырылған бригада мен жөндеу-қалпына келтіру әскери бөлімінің базасында тәжірибеден өтті. Олар тәжірибелі офицерлердің жетекшілігімен бөлімшелердегі қызметтің ұйымдастырылуымен, жауынгерлік дайындықтың ерекшеліктерімен, сондай-ақ техникалық және тылдық қамтамасыз ету бөлімдерінің жұмысымен жақынырақ танысты.

Болашақ офицерлердің әскери жоғары оқу орнын бітірген соң атқаратын алғашқы лауазымы – взвод командирі міндеттерін орындауға даярлауға ерекше назар аударылды. Тағылымдама барысында курсанттар сабақты жоспарлауға қатысып, жеке құрамды басқару мәселелері мен бөлімшелердің күнделікті қызметін ұйымдастыру тәртібін жан-жақты зерделеді.

Техникалық қамтамасыз ету факультетінің курсанты Мадияр Молдахмет бұл тағылымдама болашақ офицерлерге әскердегі қызметті барынша жақыннан көруге мүмкіндік бергенін айтады.

– Мен үшін әскери тағылымдама өте пайдалы болды. Взвод командирі болудың жауапкершілігін түсіндім. Бұл тек теория ғана емес, сонымен қатар күнделікті тәжірибе. Біз бөлімшеде қызметтің қалай ұйымдастырылатынын, жеке құраммен жұмыстың қалай жүргізілетінін және жас офицердің қандай міндеттерді атқаратынын көрдік, – деді курсант.

Алдағы айларда институт түлектері алғашқы офицерлік әскери атақтарын алып, Қазақстан Қарулы күштерінің офицерлік құрамын толықтырады. Әскердегі тағылымдама барысында жинақталған тәжірибе олардың алдағы әскери қызметінің берік негізіне айналмақ.