Қорғаныс министрлігінің өкілдері Маңғыстау жастарымен кездесті

Қорғаныс министрлігінің өкілдері  Маңғыстау жастарымен кездесті

Қорғаныс ведомствосының ақпараттық-түсіндіру тобы Маңғыстау облысының жастарына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Алғашқы кездесулер Ақтау қаласында Төлеген Айбергенов атындағы № 19 мектеп-лицей мен IT-лицей базасында жоғары сынып оқушыларымен өтті. Әскери қызметшілер оқушыларға әскери қызметтің артықшылықтары, еліміздегі әскери оқу орындарына түсу тәртібі, сондай-ақ болашақ офицерлерге қарастырылған әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер туралы айтты.
Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің аға офицері полковник Дәулет Бейсековтің айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастардың әскери мамандыққа қызығушылығын арттыру және патриоттық құндылықтарды нығайту.
– Біздің мақсатымыз – түлектерге әскери қызметтің ерекшеліктерін түсіндіріп, оларға саналы таңдау жасауға көмектесу. Бүгінгі жастар – болашақ Отан қорғаушылары, сондықтан олардың елге қызмет етуге деген ұмтылысын қолдау маңызды, – деп атап өтті полковник
Д. Бейсеков.
Сапар аясында Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық драма театрында үлкен концерт берді.
Жастар үшін көшпелі көрме ұйымдастырылып, онда заманауи атыс қаруларының үлгілері мен Ұлы Отан соғысы кезеңінің экспонаттары таныстырылды. Оқушылар қару-жарақ үлгілерін көріп, әскери жарақ элементтері мен бронежилеттерді киіп көруге мүмкіндік алды.
– Менің ағам Қонаев қаласында әскери қызмет өтеп жүр. Оған қарап, мен де әскери ұшқыш болуды мақсат еттім. Бүгінгі кездесуде әскери оқу орнына түсу үшін қандай қадам жасау керектігін біліп, арманыма жақындай түстім, – деді 10-сынып оқушысы Ахмет Қарасу.
Қорғаныс министрлігі ақпараттық-түсіндіру тобының өңірдегі жұмысы жалғасуда. Алдағы күндері ведомство өкілдері Форт-Шевченко және Жаңаөзен қалаларында жастармен кездесулер өткізеді.