
Батыс Қазақстан облысы аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы су тасқынының алдын алуға бағытталған кешенді шараларға тартылды.
Жұмыстар екі апта бойы жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, төтенше жағдайлар бөлімшелері және азаматтық қорғаныс қызметтерімен бірлесіп жүргізілуде. Әскери бөлімнің 50-ге жуық офицері мен сержанты арықтарды тазалап, олардың арнасын тереңдетіп, су ағарларды қар мен мұздан аршып жатыр.
– Әскери қызметшілер тек жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде ғана емес, бейбіт уақытта да халыққа қолдау көрсетуге әрдайым дайын. Жергілікті қызметтермен бірлесіп, су тасқыны қаупін азайтып, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатырмыз, – деді 99250 әскери бөлімінің командирі полковник Расул Закиров.
Аталған жұмыстар қардың еруі кезінде тұрғын үй алаптары мен қалалық инфрақұрылым объектілерін су басып қалу қаупінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл іс-шаралар еріген судың уақтылы ағып кетуін қамтамасыз етіп, су тасқыны туындау қатерін азайтуға мүмкіндік береді.