
Жамбыл облысындағы «Теріс Ащыбұлақ» полигонында 91678 әскери бөлімінің тау қорықшысы ротасы жауынгерлік үйлесімнің кезекті кезеңінен өтіп жатыр. Дайындықтың бұл түрі әскери қызметшілер мен олардың аттарын бір мезгілде оқытумен ерекшеленеді.
Жауынгерлік дайындық кезінде атты әскер бөлімшелерін таулы жер жағдайында тиімді басқаруға үйретуге барынша көңіл бөлінеді.
Алғашқы кезеңде ат иелерінің жеке дайындығы мен аттарды үйретуге ерекше назар аударылады. Әдетте әскери бөлімге жылқылар үйретілмей келеді, әрі бұйрыққа бағына бермейді. Сол себепті әскери қызметшілер оларды кезең-кезеңмен үйретеді.
– Бұл процесс біраз уақытты қамтиды. Алдымен әскери қызметші мен жылқының жеке дайындығы жүзеге асады. Содан кейін бөлімше, взвод және рота құрамындағы іс-қимылдар пысықталады, – деді тау қорықшысы ротасының командирі капитан Елнұр Пернебек.
Бөлімше жеті атты адамнан тұрады. Олар өзара іс-қимылды пысықтаған соң взвод, рота құрамында жаттығуларға кіріседі.
Взвод командирі лейтенант Санжар Жылқыбаевтың айтуынша, таулы жерде тапсырмаларды орындау үшін ат иесі мен қылқұйрықтың арасында тұрақты өзара үйлесім қалыптасу керек.
Дербес дайындықтар аяқталған соң әскери қызметшілер бөлімше құрамында бірлескен іс-қимылдарды пысықтауға көшеді. Бұл өз кезегінде берік дағдыларды қалыптастыруға және тау қорықшысы бөлімшелерінің өз міндеттерін орындауға дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.