Қорғаныс министрінің Алғыс айту күнімен құттықтау сөзі

Қорғаныс министрінің Алғыс айту күнімен құттықтау сөзі

Құрметті сарбаздар мен сержанттар, офицерлер мен генералдар! Қымбатты отандастар!
Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке мемлекеттік атаулы күндер күнтізбесінде айрықша орын алады. Ол елімізде тұратын барлық этностар арасындағы бірлік пен өзара құрметті, сенімді білдіреді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, халық бірлігі мен ұлтаралық келісім – мемлекеттілігіміздің берік іргетасы және Қазақстанның тұрақты дамуының басты шарты. Алғыс айту күні бізге өзара қолдау, ынтымақтастық және бір-біріміз алдындағы жауапкершіліктің жоғары құндылығын еске салады. Бұл – әр жылдары тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюына үлес қосқан, өз еңбегімен, қызметімен және адалдығымен қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты, келісімді нығайтқан жандарға ризашылық білдіру мүмкіндігі. Тарихтың күрделі кезеңдерінде ерлік, төзімділік және парасаттылық танытқан азаматтарды біз ерекше құрметпен еске аламыз. Жерімізде бейбітшілік пен келісімді сақтап қалған ата-бабаларымыздың өнегесі – біз үшін адамгершілік бағдар әрі шынайы отансүйгіштіктің үлгісі. Осы мерекелі күні Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналына, әскер ардагерлеріне адал қызметі, кәсібилігі және әскери борышқа беріктігі үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз – мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайтуға, оның егемендігі мен ұлттық мүдделерін қорғауға қосылған қомақты үлес. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мемлекет пен қоғамның сенімді тірегі болып қала береді, тәртіпті, бірлікті және Отанға адалдықты айшықтайды. Сіздерге зор денсаулық, амандық, қызметте жаңа табыстар және ашық аспан тілеймін. Жүрегімізде әрдайым алғыс, өзара құрмет және Қазақстанның гүлденуі жолындағы жасампаздыққа ұмтылыс салтанат құрсын!