
Көп сатылы сараптамалық бағалау қорытындысы бойынша қазақстандық Әділет Серікбайдың зерттеуі ТМД-ға мүше елдер жоғары әскери оқу орындарының тыңдаушылары мен курсанттарының VII Халықаралық әскери-ғылыми жұмыстар байқауында үздік деп танылды.
Бұл еңбегі үшін Қиыр Шығыс гвардиялық жоғары жалпы әскери командалық училищесінің курсанты Әділет Серікбай Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің грамотасымен марапатталды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген байқауға 700-ден аса әскери-ғылыми жұмыс ұсынылды. Қазақстандық курсанттың «Қазақ халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі» тақырыбындағы зерттеуі қазақстандықтардың майданда көрсеткен ерлігі мен табандылығы, тылдағы жанқиярлығы туралы тарихи рөлін көрсетті.
– Ел тарихын халықаралық деңгейде таныстыру мен үшін абыройлы іс. Ата-бабамыздың ерлігін ұмытпау – біздің міндетіміз, – деді болашақ офицер.
Әділет Серікбай 2003 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Сәтбаев ауылында дүниеге келген. Ол мектепте оқып жүргенде әскери маман болғысы келді. 2020 жылы Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына түсіп, кейін Қиыр Шығыс гвардиялық жоғары жалпы әскери командалық училищесінде «теңіз жаяу әскерлері бөлімшелерін басқару» мамандығы бойынша оқуын жалғастырды. Алдағы уақытта Әділет Серікбай ҚР Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштері қатарында қызметін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Қазақстандық курсанттың халықаралық байқаудағы бұл жеңісі болашақ офицерлердің даярлық деңгейі жоғары екендігінің айқын дәлелі болып қана қоймай, ТМД-ға мүше елдердің әскери-ғылыми ынтымақтастық жүйесінде еліміздің беделін нығайтты.