
Павлодар қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушысы Василий Иванович Григораш ғасырлық мерейтойын атап өтті.
Айтулы мерекеге орай майдангерді Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Әбіханов және «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлері» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Жан Қаратаев құттықтады.
Олар қорғаныс ведомствосы басшысының атынан Василий Ивановичке жауынгерлік ерлігі, батылдығы мен әскери борышқа адалдығы үшін алғыс сөздер жазылған құттықтау хатын табыс етті.
– Сіздің өмір жолыңыз –шынайы төзімділік пен жанқиярлықтың үлгісі, жас ұрпақ үшін тағылымды өнеге. Сіздің жүріп өткен жолыңыз бен жасаған қызметіңіз үшін бас иеміз, бейбіт өмір үшін алғыс айтамыз. Әр күніңіз қуанышқа, қамқорлыққа және лайықты құрметке толы болсын, – деді департамент басшысы полковник Р. Әбіханов.
Василий Григораш 1926 жылғы 21 ақпанда Алтай өлкесінің Гурлинка ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң қызыл әскер қатарына шақырылды. Аға сержант Василий Григораш Байкал өңірі әскери округінің 293-дивизиясы құрамында соғысып, бөлімше командирі болған. Оның жауынгерлік ерлігі ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен және басқа да мерейтойлық марапаттармен атап өтілген.
Василий Иванович қонақтарға жылы лебіздері үшін алғыс айтып, әскери қызметшілерге зор денсаулық, отбасылық амандық және ел игілігі жолындағы қызметтеріне табыс тіледі. Ол ең бастысы – бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтау екенін атап өтті.