Бүгінде Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысының үш ардагері ғана қалды. Солардың ішіндегі жасы үлкені Шалданбай Шаңбаев ақсақал 102 жасқа толды.
Туған күн иесін 03811 әскери бөлімінің командирі подполковник Алмаз Қабиев бастаған Луговой гарнизонының әскери қызметшілері құттықтап барды. Қарт майдангер меймандарды қонақжай көңілмен қарсы алды.
Әскери бөлім командирі ардагерге Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың құттықтау хатын табыс етті. Ақсақалға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы да жылы лебіздерін жолдапты.
Шалданбай Шаңбаев 1924 жылы 10 ақпанда Луговой ауданы, Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Ол 1942 жылғы 15 тамызда Меркі аудандық әскери комиссариатынан майданға шақырылып, 227-полк құрамында Отанды азат ету жолындағы ұрыстарға қатысқан. Бірнеше рет жараланса да, рухы берік жауынгер Жеңіс күніне дейін майданда болып, әскери борышқа адалдығын көрсеткен.
Соғыстағы ерлігі мен жанқиярлығы үшін ардагер II дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, «Маршал Жуков» және бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған. Жеңістен кейін ол тағы төрт жыл әскери қызметте қалып, 1949 жылы елге оралған.
Елге оралысымен трактор бригадасының бригадирі, санақшы болып еңбек еткен. 1959 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін Жаңатұрмыс колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі болып қызмет атқарған.
Қарияны туған күнімен құттықтаушылардың легі өте көп. Жастар үшін майдангердің соғыс жылдарындағы естелігін тыңдау ұмытылмас сәт болды. Жылы жүздесуде офицерлер ардагерге қазіргі Қазақстан армиясының жетістіктерін айтып, жас сарбаздардың ел қорғаудағы рөлі мен жауапкершілігі жайлы хабардар етті.
Подполковник Алмаз Қабиев мұндай жүздесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, олардың Отанға деген патриоттық сезімін күшейтеді деп атап өтті.
Ақсақал әскери қызметшілерге батасын беріп, ризашылығын жеткізді.
