Ұлттық қорғаныс университетінің ғалымдары Құрлық әскерлері үшін ұшқышсыз авиация операторларын дайындауда

Ұлттық қорғаныс университетінің ғалымдары Құрлық әскерлері үшін ұшқышсыз авиация операторларын дайындауда
Ұлттық қорғаныс университеті Әскери-зерттеу институтының базасында Құрлық әскерлері ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторларының біліктілігін арттыруға арналған апталық курс өтіп жатыр.
Сабақты ұшқышсыз авиация саласында он жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар оқытушылар мен нұсқаушылар жүргізуде.
Қазіргі жағдайларда сұранысқа ие практикалық дайындыққа негізгі басымдық берілгенін айта кету керек.
Курс барысында әскери қызметшілер «Торғай-10» құрылғысын ұшқышсыз ұшу аппаратына бөлшектеп жинау дағдыларын игереді. Сонымен бірге тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеп, қауіпсіздік шаралары мен әртүрлі жағдайда қолдану ерекшеліктерін де үйренеді. Бұдан бөлек, Ұлттық қорғаныс университетінің ғылыми қызметкерлері әзірлеген «Ара» дрондарын қолдану бойынша да практикалық сабақтар жүргізіледі.
Жеке оқу модулі FPV-дрондарға арналған. Тыңдаушылар оларды құрастыруды, бағдарламалауды, диагностикалауды және ақауларды жоюды үйреніп шығады.
 – Біз қолданбалы дағдыларға басымдық береміз. Біздің мақсатымыз – алған білімдерін өз бөлімшелерінде тарата алатын мамандарды даярлау, – деп атап өтті ҚР ҰҚУ Қару-жарақ және әскери техника ғылыми-зерттеу институты зерттеу қызметінің бастығы полковник Жарқын Қабдолда.
Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдану жеке құрамның қауіпсіздігін арттырып, жауынгерлік тапсырмаларды орындаудың тиімділігін жоғарылатады, дәлдікті, жедел барлауды және қарсыласқа қашықтан әсер етуді қамтамасыз етеді.
– Ұшқышсыз ұшу аппараттары тактикалық басымдықтың негізгі элементіне айналды. Оларды қолдану формалары мен тәсілдерінің эволюциясы қазіргі заманғы ұрыс қимылдарының сипатына елеулі түрде әсер етуде, – дейді институттың Зерттеу қызметінің бастығы полковник Алексей Бойко.
Ұшқышсыз жүйелерді басқару мамандарын даярлау Қарулы күштердің басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Оның жүзеге асырылуы жеке құрамның техникалық біліктілігінің өсуіне және ұшқышсыз технологияларды қолдану мүмкіндіктерінің кеңеюіне ықпал етеді.
Бұған дейін Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының базасында ҰҰА мамандарын даярлайтын әскери мектептің ашылғаны, сондай-ақ Десанттық-шабуылдау әскерлерінде ұшқышсыз аппараттарды құрастыру, сынақтан өткізу және оларды бөлімшелерге беру бойынша жұмыстардың толық циклі жолға қойылғаны хабарланған болатын.