Қорғаныс министрлігінде шахмат пен тоғызқұмалақтың үздіктері анықталды

Қорғаныс министрлігінде шахмат пен тоғызқұмалақтың үздіктері анықталды

Астанада XVI Спартакиада аясында Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылымдық бөлімшелері арасында шахмат пен ұлттық үстел ойыны – тоғызқұмалақтан чемпионат өтті.

Зияткерлік сайыс Ұлттық әскери-патриоттық орталығында ұйымдастырылды. Жарысқа 41 команда құрамында 120-дан аса әскери қызметші қатысты. Төрешілік екі топ бойынша жүргізілді. Бірінші топқа Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың департаменттері, басқармалары және орталықтарының командалары кірді. Екінші топта Қарулы күштердің бас басқармалары, басқармалары, әскери бөлімдері мен мекемелерінің құрамалары бақ сынады.

– Шахмат пен тоғызқұмалақ стратегиялық ойлауды, төзімділікті және салмақты шешім қабылдау қабілетін дамытады. Бұл қасиеттер іс-әрекеттің тиімділігіне тікелей ықпал етіп, жеке құрамның командалық рухын нығайтады, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігінің аппарат басшысы полковник Төлеген Бөлежанов.

Жарыстың бірінші топтағы қатысушылары арасында командалық есепте шахматтан Ұлттық әскери-патриоттық орталығының өкілдері жеңіске жетті. Екінші орынға Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығының командасы тұрақтаса, үшінші орын – Әскери өкілдіктер орталығына бұйырды.

Екінші топта зияткерлік жарыстың жеңімпазы атанған – 14776 әскери бөлімінің құрамасы. Екінші орынды Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының шахматшылары, үшінші орынды Қарулы күштер Тыл бастығы басқармасының командасы иеленді.

Тоғызқұмалақ ойынынан бірінші топта Экономика және қаржы департаментінің командасы жеңімпаз атанды. Екінші орын – 65235 әскери бөлімінің командасына, үшінші орын – Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік әскерлері департаментіне бұйырды. Екінші топта бірінші орынды 14776 әскери бөлімінің құрамасы, екінші орынды Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының өкілдері, үшінші орынды Әскери полиция бас басқармасының командасы олжалады.

Екі спорт түрінен жалпыкомандалық есепте 14776 әскери бөлімінің өкілдері чемпион атанды. Күміс жүлде Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының зияткер спортшыларының, ал қола жүлде – Әскери полиция бас басқармасының еншісінде. Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.