Қорғаныс министрлігі оңтүстік өңірлерде «Біртұтас ел – біртұтас жер» акциясын өткізуде

Қорғаныс министрлігі оңтүстік өңірлерде «Біртұтас ел – біртұтас жер» акциясын өткізуде

 

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскерге дейінгі жастар арасында әскери қызметтің беделін арттыруға және патриоттық тәрбиені күшейтуге бағытталған «Біртұтас ел – біртұтас жер» ақпараттық-түсіндіру акциясын өткізуде.

Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс, Әскери білім және ғылым департаменттерінің, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының және «Жас сарбаз» қозғалысының өкілдері Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жоғары сынып оқушылары мен білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілерімен кездесулер өткізді.

Тараз қаласындағы «Баласағұн» мәдениет сарайында өткен іс-шараға мыңға жуық мектеп оқушысы қатысты. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің өкілдері Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектеп-интернат пен Әлихан Бөкейхан атындағы № 1 мектеп-гимназиясында болып, жоғары сынып оқушыларымен кездесті. Онда оқушылар әскери мамандықтарға және әскери жоғары оқу орындарында білім алуға үлкен қызығушылық танытты.

 – Ашық әрі сенімді әңгіме барысында жастардың әскери мамандыққа деген шынайы қызығушылығы мен патриоттық көзқарасын байқадық. Мұндай кездесулер жастардың мамандық таңдауына саналы түрде қарауына және Отанға қызмет етуге бағыт береді, – деді Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің аға офицері полковник Дәулет Бейсеков.

Түркістан облысында кездесулер Арыс қаласындағы жалпы білім беретін мектептерде де өтті. Оқушыларға әскери қызмет өткеру жағдайлары, әлеуметтік жеңілдіктер және әскери жоғары оқу орындарына түсу тәртібі туралы ақпарат берілді.

Акция аясында Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Жауынгерлік даңқ музейі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне арналған көрмені ұсынды. Қаһармандыққа толы тарихтың беттері туралы жастарға музей жетекшісі, генерал Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова әңгімелеп берді. Сондай-ақ ҰӘПО шығармашылық ұжымының көрсеткен өнері қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Бүгін «Біртұтас ел – біртұтас жер» акциясы Кентау қаласында жалғасуда.