
Қарағанды облысында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков мектеп оқушыларымен, қоғам өкілдерімен, әскери бөлімнің жеке құрамымен және жергілікті әскери басқару органының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаевпен бірге ол Бауыржан Момышұлы атындағы № 77 орта мектепке барды. Оқу орнында олар әскери-патриоттық жұмыстың ұйымдастырылуымен және «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныптарының қызметімен танысты. Аталған сыныптарда оқушылар жалпы білім беру бағдарламасын меңгерумен қатар, әскери дайындық негіздерін тереңдетіп оқиды, армиялық қоян-қолтық ұрыс, жүзу, шахмат, хореография және ұлттық спорт түрлерімен айналысады.
Оқушылармен әңгіме барысында патриотизм, азаматтық жауапкершілік және мамандықты саналы таңдау мәселелеріне ерекше тоқталды. Ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында Қорғаныс министрінің орынбасары Сарань қаласындағы 44803 әскери бөліміне барып, әскери қызмет өткеру жайын, сарбаздардың тұрмыс күйі мен олардың бос уақыты қалай ұйымдастырылатынын тексерді. Қорғаныс ведомствосының офицерлері мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерге әлеуметтік қолдау шаралары, атап айтқанда кредиттік демалыстар мен білім беру жеңілдіктері туралы жан-жақты түсіндірді.
«Астана» өңірлік қолбасшылығында генерал-майор Асқар Мұстабеков «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің, «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының және әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызметтің өкілдерімен кездесті.
Ашық диалог барысында қатысушылар әскери қызмет жағдайларын жақсарту және Отан қорғаушыларды әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өз ұсыныстарын айтты. Барлық бастамалар мұқият тыңдалып, әрі қарай жұмысқа қабылданды. Екі жақ та армияға деген сенімді қалыптастыру Қарулы күштер мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жүйелі түрде нығайту арқылы ғана мүмкін екенін атап өтті.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте генерал-майор Асқар Мұстабеков әскерге шақыру жұмысының ұйымдастырылуымен, «Smart әскери комиссариат» жобасының іске асырылу барысымен және әскерді жасақтау тәртібімен танысты. Ол әскери қызметке шақыру іс-шараларының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету қажеттігіне жіті назар аударды.