Павлодар облысында әскери қызметшілер соғыс ардагері Мария Матюшинаны ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Павлодар облысында әскери қызметшілер соғыс ардагері Мария Матюшинаны ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Ұлы Отан соғысының қатысушысы Мария Алексеевна Матюшинаны Павлодар облысы бойынша Қорғаныс істері департаментінің, Павлодар ауданының біріктірілген бөлімінің әскери қызметшілері және ҚР Қарулы Күштері ардагерлері РҚБ филиалының төрағасы арнайы барып құттықтады.

Қорғаныс министрінің атынан олар мерейтой иесіне құттықтау хатын табыстап, оның ерлігі, жанқиярлығы және Жеңіске қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдірді.

– Біз аға буынның ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Қиындықтар мен ауыр сынақтарға қарамастан, сіздер ең қатыгез соғыста төтеп беріп, рух мықтылығын сақтап, Отан игілігі үшін еңбек етуді жалғастырдыңыздар. Сіздерге мың тағзым, – деді ҚР Қарулы Күштері ардагерлері РҚБ филиалының төрағасы Жан Қаратаев.

Мария Матюшина 1926 жылғы 19 қаңтарда Тула облысында жұмысшылар отбасында дүниеге келген. 1942 жылы ол ата-анасынан жасырын түрде әскери жасырыну мамандары курсына өз еркімен жазылады. 1943 жылдың ақпанында 80-ші әскери-далалық құрылыс басқармасының құрамында майданға аттанады. Ер адамдармен қатар ол қорғаныс нысандарын – окоптар, дзоттар, доттар мен блиндаждар салуға қатысады. 104-ші әскери құрылыс отрядының 225-ші басқармасы құрамында Витебск қаласына дейін жетіп, кейін бөлімше Мурманск облысының Петрозаводск қаласына ауыстырылады. Дәл сол жерде, Финляндиямен шекарада, Жеңісті қарсы алады. Мария Матюшина 1945 жылы әскерден босатылады. Тұрмысқа шығып, 1955 жылы тың игеру науқанына байланысты Қазақстанға қоныс аударады. Жолдасымен бірге үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген.

Мария Алексеевнаның ерлігі II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Жуков медалімен және басқа да мерейтойлық наградалармен атап өтілген.