
Елімізде 19 қаңтарда Қарулы күштердің Арнайы операциялар күштері күні аталып өтіледі.
АОК қолбасшылығы Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы Жарлығымен конституциялық құрылысты және мемлекеттің ұлттық мүдделерін қорғау жолында ең күрделі әрі жауапты міндеттерді орындауға қабілетті әмбебап әскери бөлім ретінде құрылды.
Арнайы операциялар күштері құрылған сәттен бастап өз әлеуетін жүйелі түрде нығайтып келеді. Бөлімшелер жоғары технологиялы қару-жарақпен, заманауи әскери және арнайы техникамен жабдықталып жатыр. Оқу-материалдық базасы да дамытылып, инфрақұрылым жетілдірілуде.
Жеке құрамның жауынгерлік дайындығы мен үйлесімділігін арттыруға ерекше назар аударылады. Әскери қызметшілер оқу-жаттығу және тактикалық-арнайы жаттығуларға тұрақты түрде қатысып, беделді халықаралық жарыстарда бақ сынауда. Мәселен, Дубайда өткен SWAT Challenge 2025 сайысында АОК командасы алғаш рет бақ сынап, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Қазақстандық арнайы бөлімшелер халықаралық оқу-жаттығулар барысында да жоғары бағаға ие болды.
Арнайы операциялар күштерінің идеялық әрі кәсіби символы ол күрең қызыл түсті берет. Оны ең үздік әскери қызметшілер ғана кие алады. Олар – жоғары дайындық деңгейін, төзімділікті және қызметке адалдықты дәлелдеген жауынгерлер. Жастар элиталық бөлімшелерде қызмет етуді армандайды.
Бүгінде Арнайы операциялар күштері – ұлттық қауіпсіздік пен Қазақстан Республикасының егемендігін қамтамасыз ету жолында ең күрделі міндеттерді орындауға толық дайын. Сондай-ақ арнайы даярланған, заманауи техникамен және жабдықпен қамтылған әскери құрылым.