
Астанадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтің Қарулы күштердің ардагерлерімен кездесуі өтті.
Іс-шараны аша отырып, Қорғаныс министрінің орынбасары Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес Қарулы күштерде тәрбие және идеологиялық жұмысты, әсіресе жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ қазіргі күрделеніп отырған әскери-саяси жағдайда ардагерлердің кәсіби тәжірибесі мен өмірлік даналығының маңызы ерекше екенін айтты.
– Ардагерлер біз үшін өткеннің өкілі емес, жас әскери қызметшілерге ар-намыс, парыз және Отанға адалдық құндылықтарын жеткізетін армияның сенімді күші. Сіздердің арқаларыңызда Қарулы күштердің рухани негізін және жауынгерлік қабілетін қалыптастыратын әскери дәстүрлер сақталып, нығаюда, – деп атап өтті генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Кездесу барысында ол әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау шаралары туралы да хабардар етті. Атап айтқанда, далалық төлемдердің қайта енгізілуі, азық-түлік үлесі құнының артуы, сондай-ақ әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің демалыс орнына барып-қайтуы үшін теміржол көлігінде тегін жүру мүмкіндігі қарастырылғанын алға тартты.
Сонымен қатар 2025 жылы қабылданған жастармен әскери-патриоттық жұмыс жүргізуге бағытталған нормативтік-құқықтық актілерге ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда бұл бағытта республикалық үйлестіру кеңесі, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс істеуде.
Кездесуге қатысушылар әскери-патриоттық тәрбие ісі тәжірибеге бағытталған, мазмұны жағынан жандандыруды қажет ететін және цифрлық ортада белсенді жастардың қызығушылықтарына сай болуы тиіс деген ортақ пікірге келді. Бұл салада формализмге жол беруге болмайтыны атап өтілді.
Ардагерлер мен министрлік басшылығы Қарулы күштердің беделі мен қоғамның сенімін нығайту үшін өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын енгізу, ақпараттық жұмысты жандандыру және заманауи коммуникациялық арналарды кеңінен қолдану қажеттігін қолдады.