
Қазақстан Қарулы Күштерінде мерзімді әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына арналған кері байланыс жүйесі жолға қойылған.
Жасанды интеллектке негізделген AiSulu Telegram-боты мен Armykz сервисі арқылы Қорғаныс министрлігіне 11 700-ден астам өтініш түсті. Әскери бөлімдердің бақылау-өткізу пункттерінде орналастырылған «Ашық армия» QR-кодтары кері байланыс формаларына жедел өтуге және Telegram арқылы, соның ішінде анонимді түрде хабарлама жіберуге мүмкіндік береді. Барлық өтініштерді Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті талдайды.
Armykz платформасында әскери қызмет мәселелері бойынша кеңес беретін жасанды интеллект негізіндегі кеңесші жұмыс істейді. 2025 жылдан бері ол 11 000-нан астам сауалға жауап берді. Сонымен қатар бөлімшелерде қолбасшылықтың, әскери прокуратураның және әскери полицияның байланыс нөмірлері орналастырылған.
«Біздің мақсатымыз – мәселе ушығып кетпей тұрып, сарбаздың үнін есту. Әрбір өтініш – міндетті түрде жауап беруді талап ететін сигнал», – деді Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті психология және әскери-әлеуметтік жұмыс басқармасының бастығы подполковник Арман Қалышев.
AiSulu Telegram-боты іске қосылғалы бері әскери қызметшілер мен олардың жақындарынан 700-ден астам өтініш қабылдады. Сондай-ақ сарбаздар демалыс және мереке күндері «Отбасымен бейнеқоңырау» арқылы жақындарымен байланыс орната алады. Әрбір әскери бөлімде бөлімше командирлері сарбаздар ата-аналарына арналған WhatsApp чаттарын құрып, қызмет барысы туралы ақпарат беріп, сұрақтарға жауап береді.
Қазіргі заманғы байланыс құралдары әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайын нығайтуға, жанжалдардың алдын алуға және командирлер, сарбаздар мен ата-аналар арасындағы сенімді арттыруға мүмкіндік береді.