Ақтауда әскери теңізшілер соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады

Ақтауда әскери теңізшілер соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады

99 жасқа толған соғыс ардагері Василий Иванович Салазкинге Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Әскери-теңіз күштерінің қызметкерлері министрдің атынан құттықтау хатын табыстады.
Қорғаныс саласының өкілдері ардагерге Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ерлігі үшін шексіз құрмет көрсетіп, оған денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
– Сіз халқымыздың қаһармандық тарихының тірі куәгері ретінде ерлік, намыс пен қайсар рухтың жарқын бейнесісіз. Сізге алғысымызды білдіріп, жеңімпаз ұрпақтың ерлігі алдында басымызды иеміз, – деді әскери бөлім командирі 1-ші дәрежелі капитан Есенғали Байботаев.
Василий Иванович Салазкин І Қиыр Шығыс майданы құрамында соғысқан. Кіші сержант шеніне дейін көтерілген. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» және «Кеңес Одағының маршалы Г. К. Жуков» медальдарымен марапатталған.
Ардагер тұратын үйдің ауласында Әскери-теңіз күштерінің оркестрі соғыс жылдарындағы әуендерді орындап, даңқты жауынгерлік  дәстүрлер мен аға  буынның ерлігін еске түсірді. Бұл сәт ардагерді ерекше тебірентіп, ол әскери қызметкерлерге сәттілік пен ашық аспан тіледі.