
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметшісі сержант Еламан Қуатов ересектер арасында 120 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әуесқой аралас жекпе-жектен (AMMA) Азия чемпионы атанды.
Әуесқой аралас жекпе-жектен ағымдағы жылдың 5-12 қаңтар аралығында Қытай Халық Республикасының Луджоу қаласында өткен Азия чемпионаты құрлықтың ең мықты спортшыларын жинады.
Тартысты әрі әсерлі жекпе-жектер барысында сержант Еламан Қуатов жоғары деңгейдегі спорттық шеберлігін көрсетіп, турнирдің алтын медалін жеңіп алды.
Чемпиондық атаққа жету жолында қазақстандық әскери қызметші үш кездесу өткізді. Ол алғашқы айналымда Тайпей өкілін жеңсе, екінші жекпе-жекте Қытай Халық Республикасының спортшысын ұтты. Ал финалда Өзбекстан Республикасынан келген қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.
Бұл Қазақстан Республикасы Қарулы күштері тарихында әуесқой аралас жекпе-жектен Азия чемпионатындағы алғашқы алтын медаль болып отыр. Әскери спортшының жетістігі отандық армияның спорттық шежіресіне жаңа жарқын бет қосты.