Қостанайда әскери қызметшілер соғыс ардагерін жүз жылдық мерейтойымен құттықтады

Қостанайда әскери қызметшілер соғыс ардагерін жүз жылдық мерейтойымен құттықтады

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Ділдәбек Сансызбайұлы Нұрышевті туған күнімен құттықтады.

Олар майдангерге Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыс етті. Хатта Ділдәбек Сансызбайұлының Жеңіске қосқан үлесі, көрсеткен ерлігі үшін алғыс білдірілген. Әскери ведомство өкілдері ардагерге мықты денсаулық, отбасылық береке-бірлік және ұзақ ғұмыр тіледі.

– Сіз соғыс сынағынан өтіп, өміршеңдік пен оптимизмді сақтап қалдыңыз. Сіздің өмір жолыңыз – бізге үлгі. Жеңіске қосқан үлесіңіз үшін сізге басымызды иеміз, – деді қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары полковник Тимур Сәтбаев.

Өз кезегінде ардагер көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін алғыс айтып, еліміздің әл-ауқатының басты құндылығы мен негізі – бейбітшілік пен бірлікті сақтау керектігін атап өтті. Ділдәбек Нұрышев 1926 жылғы 10 қаңтарда Мендіқара ауданының Ломоносов ауылында дүниеге келген. 18 жасқа толған соң, оны өзге жастармен бірге Челябі облысының Шұбаркөл қаласына оқуға жіберіп, онда жарты жыл бойы әскери істің негіздерін меңгерген. Ділдәбек Сансызбайұлы аңызға айналған маршал Рокоссовскийдің қолбасшылығымен 2-Украин майданы құрамында соғысқан. Одер өзені бойындағы шайқастарға қатысқан. Жеңіс туралы хабарды Кенигсберг қаласында естіген. Соғыстан кейін әскер қатарында қызметін жалғастырған. Әскерден босаған соң өндірісте еңбек етіп, отбасын құрып, бес бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде бірнеше немере сүйіп отырған ардагер енді ешқашан соғыс  болмауын тілейді.