Қара белбеулі десантшы: ерлік пен таңдауға толы жол

Қара белбеулі десантшы: ерлік пен таңдауға толы жол

Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет ету оңай емес. Бұл әскер қатарына қосылу үшін мықты денсаулық, жоғары күш-қуат дайындығы мен ерік-жігер қажет. Осындай қасиеттердің барлығы Астана қаласының тумасы қатардағы жауынгер Нөгербек Тәттімбекке тән. Ол әрдайым жеңіс төрінен көрінуге бойы үйренген жігіт.

Жуырда ғана ол Канадада өткен каратэден әлем чемпионатының жеңіс тұғырында еліміздің көк туын асқақтатты. Ал бүгін әскери сапта, форма киіп, өзімен тағдырлас сарбаздардың қатарында тұр. Тәттімбектің «кеден ісі» мамандығы бойынша жоғары білімі, қоржынында каратэден қара белбеуі бар.

– Мен Десанттық-шабуылдау әскерлерін бекер таңдамадым, себебі бұл әскер тек күшті ғана емес, төзімділікті, ерік-жігер мен мықты мінезді талап етеді. Өзімді сынап, шынайы істе қабілетімнің қай деңгейде екенін тексергім келді, – дейді сарбаз.

Қызметтің ең қиын саналатын алғашқы айлары да артта қалды. Саптық дайындық, әскери жарғыларды меңгеру, күн тәртібін қатаң сақтау, атыс жаттығулары, тактикалық және медициналық сабақтар қазір Нөгербекке еш қиындық туғызбайды.

Бәрі таңсық, алайда бұрыннан спортты жанына серік еткені көп көмегін тигізуде. «Атыс алаңында алғаш рет автоматпен оқ атарда қатты қобалжыдым. Бірақ нәтижесінде «тоғызға» дәл тигіздім», – деп өз ойымен бөлісті. «Сауытты техниканы сынақтан өткізгенде, армияның нағыз зор қуатын алғаш рет сезіндім. Ендігі мақсатым, парашютпен алғашқы секіруді орындау. 

Оның сөзінен өзіне деген сенімділік, үнемі дамуға деген ұмтылыс байқалады. Қызметтес жолдастарымен әскерге бара жатқан пойызда танысқан. Қысқа уақыт ішінде-ақ олар бір-біріне тірек болудың, жауынгерлік бауырластықтың не екенін түсініп үлгерді.

– Мұнда әркім тек өзі үшін емес, жанындағы серігі үшін де жауапты екенін біледі. «Десантшы десантшыға – бауыр» деген сөз – жай ұран емес, – дейді қатардағы жауынгер Нөгербек Тәттімбек.

Ол үшін әскери қызмет үлкен жауапкершілік. «Ежелден батырларымыз туған жерді қорғаған. Біз солардың жолын жалғастыруымыз керек. Әскер ер азамат болудан қорықпауға, жауапкершілік алуға үйретеді. Бұл өз еліңнің лайықты азаматы болу үшін аса маңызды», – деп өз ойын бөлісті.

Алда жас сарбазды парашютпен секіру, далалық оқу-жаттығулар, жауынгерлік атыстар күтіп тұр. Алайда қазір ол ең басты сынақты еңсеруде, ар-намыспен қызмет етуді, берген антына берік болуды және қаруласына сенімді тірек болуды үйренуде.