Алматыда әскери қызметшілер соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады

Алматыда әскери қызметшілер соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады

Алматы қаласындағы Алмалы және Әуезов аудандарының қорғаныс істері жөніндегі басқармаларының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер байланысшы Дарбала Жабатаеваны 99 жасқа толған жасымен құттықтады.

Құттықтау барысында ардагерге көрсеткен ерлігі, қайсарлығы мен Отанға деген адалдығы үшін алғыс білдірілді.

Әскери қызметшілер  Дарбала Әміржанқызына Қорғаныс министрінің құттықтау хаты мен естелік сыйлықтар табыс етті.

– Біз болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін күш-жігері мен денсаулығын аямаған майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін әрдайым қастерлейміз. Дарбала Жабатаева – жанқиярлықтың, батылдықтың және өмірлік төзімділіктің жарқын үлгісі, – деді Әуезов ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының тәрбие және идеологиялық жұмыс тобының бастығы аға лейтенант Дидар Нұрмұханбет.

Дарбала Жабатаева 1926 жылы Қостанай облысы, Урицкий ауданына қарасты Дудаковка ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ол өз еркімен майданға аттанып, байланысшылар курсын тәмамдаған соң Екінші Беларусь майданының 95-дивизиясы құрамындағы 161-атқыштар полкінде радист болып қызмет етті. Оның майдан жолы Белоруссияны, Польшаны және Померанияны азат ету жолындағы қиян-кескі шайқастармен өрілді. Бұл ұрыстарда сенімді байланыс көбіне жеңістің шешуші факторы болды.

1946 жылы әскер қатарынан босатылғаннан кейін Дарбала Әміржанқызы партиялық және қоғамдық қызметке белсене араласып, ел дамуына өз үлесін қосты. Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін ол II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Ал соғыстан кейінгі жылдардағы ерен еңбегі «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен лайықты бағаланды.

Әскери қызметшілер ардагерлерге қамқорлық көрсету, олардың ерлік жолын ұмытпай, аға буынның асыл құндылықтарын жастар санасына сіңіру қорғаныс ведомствосының тәрбиелік жұмысының басты бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.