Әскери-тарихи мұражай Бауыржан Момышұлының туған күніне орай экспозиция көрсетті

Әскери-тарихи мұражай Бауыржан Момышұлының туған күніне орай экспозиция көрсетті

Аты аңызға айналған қолбасшы, жазушы және қоғам қайраткері Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы күні Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Ел үшін туған ердің ізі» атты іс-шара өтті.

Оған Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, әскери колледж кадеттері және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Іс-шараны ашқан «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары генерал-майор Марат Нағұманов жастарды патриоттық тәрбиелеу ісінде даңқты әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының тұлға ретіндегі маңыздылығын атап өтті. 

– Бауыржан Момышұлы ұлт тарихында майдан даласындағы ерлік көрсетіп қана емес, өр рухпен, темірдей тәртіппен де, жоғары мәдениетпен де өшпес із қалдырды. Батырдың өмірі – қазіргі және болашақ Отан қорғаушылар үшін патриотизмнің шынайы үлгісі, – деді ардагер.

Мұражайдың ғылыми қызметкерлері Бауыржан Момышұлының қаһармандық жолы, оның соғыстан кейінгі кезеңдегі шығармашылық және қоғамдық қызметі туралы баяндамалар жасады. Бауыржан Момышұлының жауынгерлік тәжірибесі халықаралық деңгейде танылып, әскери мамандардың, одан басқа 1960 жылдардың басында кездескен кубалық көшбасшы Фидель Кастроның шынайы қызығушылығын тудырғаны ерекше атап өтілді.

Іс-шарада бұдан өзге атақты командирге арналған арнайы экспозиция көрсетілді. Бауыржан Момышұлының жасанды интеллект көмегімен қалпына келтірілген дауысының аудиожазбасын жаңғырту ерекше сәт болды.

Өтіп бара жатқан жыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны аясында ұл-қыздар еліміздің 20 өңірінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне барды. Майдангерлердің жиналған жазабалары қолжазба түрінде салтанатты түрде Қарулы күштердің Әскери-тарихи мұражайының қорына тапсырды.