
Кеңес Одағының Батыры, панфиловшы және жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай әскери полиция қызметшілері Астананың сегіз жалпы білім беру мектебінде ерлік сабақтарын өткізді.
Оқушылар алдында сөз сөйлеген әскери полиция режим және қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары полковник Айбол Сапаров даңқты қолбасшының өмір жолы, жауынгерлік қызметі және мұрасы туралы айтып берді.
– Әскерге дейінгі жас буынға ерлік сабақтарын өткізу әскери-патриоттық жұмыстың маңызды элементі болып табылады. Мұндай кездесулер оқушылардың бойында еліміздің тарихына, батырларына деген құрмет сезімін қалыптастыруға, жауапкершілік пен Отанға қызмет етуге дайындықты дамытуға ықпал етеді, – деді полковник А. Сапаров.
Сабақ барысында әскери полиция қызметшілері әскери тәртіп, жеке жауапкершілік, болашақ Отан қорғаушысының моральдық-құндылық қасиеттеріне ерекше көңіл бөлді. Олар Отанға қызмет ету тек күш-қуат төзімділігін ғана емес, сонымен қатар ішкі мәдениетті, ұйымдастырушылық қабілетті және заңға құрметті талап ететінін атап өтті.
Оқушыларға әскери полицияның негізгі міндеттері мен қызмет бағыттары, әскери қызметті өтеу ерекшеліктері және әскери қызметшілерге қойылатын талаптар туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ, оқушыларға әскери мамандық таңдау туралы сұрақ қойып, жауап алуға мүмкіндік берілді. Кездесулер мұғалімдер мен оқушылар тарапынан қолдау тапты.